1959 жылы Қорғалжын ауданында ұстаздар отбасында дүниеге келген Марат Әлімжанов Сәкен Сейфуллин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының музыка факультетін тәмамдаған. 78-ші жылдан бері Қорғалжын аудандық мәдениет үйінде фольклорлық ансамбльдің көркемдік жетекшісі. 40 жылға жуықтаған еңбек жолында музыкалық білімін ұштастыра отыра, фортепиаоно, баян, домбыра аспаптарын жетік меңгерген.
–Биыл еліміз Ұлы Жеңістің 75 жылдығын тойлауда. Соған да өз басым атсалысып, осныдай ән жазғым келді,– дейді композитор Марат Әлімжанов.
Сазгердің әніне сөз жазған қорғалжыдық ақын Меруерт Алпысова бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Бір кезде композитормен қызметтес болған ақын апай шығармашылық ынтымақтарының нәтижелі болып келе жатқанына қуанышты.
–Жалпы, өлеңдерімнің ішінде «Туған жер», «Ерлік дастаны», «Сарыарқа», «Мектебім», «Ұстазыма», «Махаббат дастаны» дегендерге әндер жазылды. Соның ішінде, «Махаббат дастаны», «Әлия», «Ерлік дастаны» осы Марат ағамен бірлесіп жазылған. Әлия халқымыздың тарихындағы ерліктің символы. Ән ешқашан өлмейді,–дейді ақын.
Бүгінде Марат аға Қорғалжын ауданының құрметті азаматы, сондай-ақ, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Репертуары өте бай, әр ұлттың әндері мен күйлері халық назарында.
Ақмола облысы