Аймақтар • 28 Сәуір, 2020

Елордада 275 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алды

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда әкімдігі және Nur Otan партиясы кірісінен айырылған азаматтарға көмектесуді жалғастыруда деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Елордада 275 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алды

28 сәуірге дейін 42,5 мың теңге әлеуметтік төлемді 275 мыңнан астам азамат алды. Әлеуметтік төлемді алуға барлығы 594,7 мыңнан астам адам өтінім берді. 301 мың өтінім кері қайтарылды. Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда «Біз біргеміз» акциясы аясында көмек көрсетудің екінші кезеңі басталды, онымен 28 073 адам қамтылады, деп мәлімдеді сейсенбіде орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Бақтияр Макен.

«Елбасының бастамасымен басталған «Біз біргеміз» акциясының шеңберінде елордада 19 наурыз бен 23 сәуір аралығында әлеуметтік осал топқа жататын 14 478 отбасыға Нұр Отан партиясынан 50 000 теңгеден әлеуметтік көмек көрсетілді. Партия, бизнесмендер мен қайырымды азаматтардың күшімен 11 000 азық-түлік жиынтығы тапсырылды. Наурыз айының соңынан бүгінге дейін 1,5 миллион антисептикалық маска үлестірілді. Жалпы, қалада түрлі әлеуметік жұмыстарға қалалық штабтан 500 ерікті жұмылдырылды», – деп атап өтті Б.Макен.

Айта кетейік, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ТЖ кезінде кірісінен айырылған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету жұмысы жалғасуда. Хабарланғандай, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75-жылдығын мерекелеу аясында қалада ҰОС ардагерлеріне 1 млн. теңгеден төлем беріле бастады. Бүгінгі күні елордада Ұлы Отан соғысының 44 ардагері бар. Бір реттік ақшалай төлемдерді тыл еңбеккерлері, қайтыс болған Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің әйелдері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген барлық адамдар алады.