Озат оқушының бірі Ерасыл Тұраров аталған университетте механикалық және аэроғарыштық инженерия мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап жүр. Ол республикалық және халықаралық робот техникасы бойынша түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған дарынды жас.
Ерасыл өзінің жас кезінен математикаға, робот техникасына, физика мен информатикаға қызығушылығының зор болғанын айтады.
– Болашақта өзімнің өмірімді осы салалармен байланыстырамын. Менің қабілетімді байқап, оны дамытуға үлес қосқан мектебіме, ұстаздарым мен робот техникасы клубының жетекшілеріне алғысымды білдіремін, – дейді ол.
Сондай-ақ, грантқа ие болған түлектер ішінде Әлібек Әбеуов тау-кен ісі, Айтолқын Әлжанова халықаралық қатынастар, Ерасыл Қадыржанов компьютер ғылымдарын, ал Анара Сембекова медицина мамандықтарын таңдаған.
Айтолқын Әлжанова АҚШ-та FLEX бағдарламасы бойынша бір жыл оқып келген соң, студенттік шақты Қазақстанда, жақын адамдарының жанында өткізуге шешім қабылдағанын айтады.
– Мен бірнеше оқу орнымен қатар Назарбаев Университетіне де құжат тапсырған едім. Оқу орны жайлы біраз ақпаратқа қаныққан соң, төрт жылымды осы университетте өткіземін деп шештім. Назарбаев университеті маған білімді, жарқын жандар жиналған үлкен отбасы сияқты көрінеді. Сондықтан бейімделу процесі тез, әрі оңай өтеді деп ойлаймын. Университеттің жарқын болашаққа жолымды ашып, өзімді дамытуыма көмектесетініне сенемін, – дейді талапты жас Айтолқын Әлжанова.
Бағы жанған қарағандылық бес алғадай жастың оқуға ерте қабылданған абитуренттер қатарында екенін айта кеткен жөн.