Экономика • 28 Сәуір, 2020

Шағын қаржы ұйымдарында жылдық мөлшерлеме 56 пайыздан аспайды

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарын оның ішінде ломбардтарды және онлайн-кредиторларды тексеруді бастады. Бұндай ұйымдар көптеп шоғырланған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы 1100 ломбард тексерілмек.

Шағын қаржы ұйымдарында жылдық мөлшерлеме 56 пайыздан аспайды

Бірінші кезекте тексеруші топтар Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру туралы тапсырмасын орындау мәселесіне назар аудармақ. Автокөлік кепіліне несие беру компаниялары қауымдастығының президенті Дулат Тастекеевтің айтуынша, осындай тексерістер еліміздің кейбір өңірлерінде басталып кетті.

̶  Тексеріс барысында қандай да бір олқылықтар анықталса, шаралар қолданылатыны анық. Айыппұл төленуі я болмаса заң талаптарын бұзған ұйымдардың жабылуы да мүмкін. Тек барлық талаптарды дұрыс сақтаған ұйымдардың бұл тізімге ілігіп кетпегені дұрыс деп есептеймін,  ̶  дейді Д.Тастекеев. Оның айтуынша кейінгі уақытта шағын қаржы ұйымдарына тексерістер мен қатар, заң аясында шектеулер де қатаңдаған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне барлық микроқаржы ұйымдарын бақылап отыру құзіреті берілді.

̶  Биыл тіркеуден өткен қаржы ұйымдары жұмыстын жалғастырған жағдайда жылдық мөлшерлемесі 56 пайыздан аспайтын несие бере алады. Одан артық берілген несие заңсыз деп танылады. Бұған дейін жылдық мөлшерлемені ломбардтар 100 пайызбен беріп келді. Одан бөлек, халықты қанап, 600-700 пайызбен несие беріп келгендер де бар. Солардың кесерінен барлық шағын қаржы ұйымдары «алайақ атанып», ендігі бұл саладағы нарыққа қатысушылар саны кемуі, бәсекелестік орта азаюы мүмкін, ̶  дейді автокөлік кепіліне несие беру компаниялары қауымдастығының президенті. Оның айтуынша, жаңа ереже халық үшін қолайлы болғанымен шағын қаржы ұйымдары үшін тиімсіз болып отыр. Қойылған талапты шағын ұйымдардың кез-келгені орындай алмайды. Десе де, шағын қаржы ұйымдарының қызмет көрсету мерзімі екінші деңгейлі банктерге қарағанда жылдам болғандықтан халықтың басым бөлігі ломбардтарды жағалайтыны белгілі. Төтенше жағдай кезінде мұндай ұйымға жүгінгендердің жартысына жуығының жұмыссыз қалуына байланысыты төлем қабілеті төмендеп, қалдырған заттарын ала алмаған. Десе де, қауымдастық президенті елдегі төтенше жағдай кезінде ломбардқа жүгінгендер үшін өсімпұл есептелінбейді деп сендірді.