Экономика • 28 Сәуір, 2020

Ломбардтардың 90%-ы нарықтан кетуі мүмкін

973 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Карантин кезінде мемлекет кәсіпкерлікті қолдауға арналған көмек шаралары қабылдаған болатын. Бірақ еліміздегі ломбардтар бұл кезеңде аренда төлеп, салықтық жеңілдікке іліге алмай отыр екен. 

Ломбардтардың 90%-ы нарықтан кетуі мүмкін

Қазақстан ломбардтарының ұлттық қауымдастығының» жетекшісі Асхат Ізтілеуовтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде тауарлардың жекелеген санаттары, соның ішінде ең қажетті тауарлардың бағалары көтеріле бастады. Осыған байланысты, халық азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу, жалдамалы тұрғын үй, коммуналдық төлемдер және басқа да қажеттіліктер үшін қаржыға қысылып, ломбардтардың көмегіне жүгінуге асығады. Карантин кезінде жұмысын тоқтатқан ломбардтар қаржылық тұрғыдан зардап шеккен секторлардың қатарына кіре алмай отыр.

̶ Ломбардтар Заң бойынша жұмыс істеуге дайын, бірақ заңда енгізілген барлық өзгертулер мен толықтырулар талқылау аясында қабылдануы керек.  Ломбардтар банктерден несие алады. Қазіргі жағдайға байланысты ломбардтардың банк алдындағы несие қарызын төлеуді кейінге қалдыру туралы өтініші мақұлданбай отыр. Біз 3 ай бойы өз борышкерлерімізге өсімпұл есептемей отырмыз. Аренда төлеп, қауіпсіздік шараларын сақтау үшін шығындаламыз. Үнемдеу шараларын қолдануға мүмкіндік жоқ. Ломдардтағы шуба, алтындарды өз үйімізге апарып сақтай алмаймыз.  Сондықтан ломбардтың төтенше жағдайдан жапа шеккен кәсіптік секторға жатпағаны үшін банктер көмек көрсетпей отыр. Біз мемлекетке уақытылы салық төлеп отырмыз, ̶  дейді Қазақстан ломбардтарының ұлттық қауымдастығының» жетекшісі. Оның айтуынша, шағын ұйымдар осылай қыспаққа алына беретін болса, ломбардтардың 90% нарықтан кетуі мүмкін. Алдын-ала мәлімет бойынша, бұл салада 3 мыңға жуық адам жұмыс істейді.