Аймақтар • 28 Сәуір, 2020

Қолдан арақ жасап сататындар айыппұлдан айылын жимайды

556 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстандағы Тайынша ауданының тұрғынынан 187 литр алкогольдік өнім алынған. Үй иесі, 65 жастағы әйел бұған дейін де арақты қолдан істеп сатқан. Көршілері де бұл туралы полицияға хабар берген. Бірақ соңғы уақытқа дейін ол алкоголь сатуды тоқтатпаған. Соған қарағанда керекті адамдармен «бөлісіп» тұрған сияқты.

Қолдан арақ жасап сататындар айыппұлдан айылын жимайды

Соңғыда әйелдің үйінен 37 ыдысқа құйылған 187 литр спирт алынған. Бұл жолы оны көшедегі маскүнемнің арқасында полицияның заңсыз арақ сатуды тексеретін емес, басқа қызметі ұстаған. Аяғын зорға басқан маскүнемді ұстағандар оның қалтасынан 1,5 литрлік ыдыспен алкоголь өнімін тапқан. Қайдан алдың деген сұраққа маскүнем арақ сатушының аты жөні мен мекенжайын атап берген. Осыдан кейін оның үйіне жүргізілген тексеріс барысында жоғарыда аталған спирт көлемі табылған. 

Алынған ішімдіктің бәрі сараптамаға жіберілді. Аталған факті бойынша ӘҚтК 463-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылған. Бұл бап мұндайға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды көздейді. Бұдан бұрын әйелге ақпан айында да айыппұл салынған болатын. Бірақ одан айылын жиып, аяғын тартпаған. Өйткені, айыппұлдың әсері әлсіз болып тұрған сияқты.

«Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 400 литрден астам алкогольдік өнім алынды. Барлық шаралар құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың себебі болып жататын маскүнемдікке қарсы күреске бағытталған. Осы жылы алкогольдік масаңдықпен 200-ден астам қылмыс жасалған. Қоғамдық орында масаң күйде жүргені үшін 3647 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәжбүрлеп емделуге 62 солтүстікқазақстандық жіберілді, тағы 55 адамға қатысты емделуге жіберу туралы шешім қабылданды», - деді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов.

Солтүстік Қазақстан облысы