Коронавирус • 29 Сәуір, 2020

Экспресс-тестілеуді 15 528 адам тапсырды

120 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Коронавирустық инфекцияның қазіргі жағдайы, қаладағы кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын қалпына келтіру жөніндегі шаралар туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мәлімдеді.

Экспресс-тестілеуді 15 528 адам тапсырды

Жиын барысында ол қаладағы коро­навирустық ахуалға тоқталып өтті.

«Қалада коронавирус инфек­ция­сының 599 жағдайы тіркелді. 332 нау­қас стационарларда жатыр. 214 адам ем­деліп шықты. Үйдегі карантинде 2576 адам бар. Өкінішке қарай, індеттен үш адам қай­тыс болды. 9 сәуірден бастап жаппай экспресс-тестілеу жүргізіле бастал­ды, оны 15 528 адам тапсырды. Қазір­гі уақытта 10 науқастың жағдайы тұрақ­ты ауыр халде, оның ішінде 5 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Қазіргі уақытта жалпы 29 680 лабораториялық зерттеулер жүргізілді. 9 сәуірден бері 15 528 адам экспресс тесті­леуден өтті», деді Б.Мәкен.

Сонымен қатар ол аулада серуен­деу кезінде ұстанатын негізгі ережені түсіндірді. Бұдан бұрын хабарланғандай, елорда тұрғындарына 27 сәуірден бас­тап аулаға шығуға рұқсат етілді. Көшеде 3 адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салынады.

«Бұл жерде отбасы мүшелері саналмайды. Ата-анасының біреуі немесе 18 жастан асқан жақыны қасында бол­маса кәмелетке толмаған балалар аулаға шыға алмайды. Серуенге шыққан тұрғындарда медициналық маска мен қолғап болуы тиіс, сондай-ақ жеке куәлігі болуы керек. Сонымен қа­тар қала тұрғындарына тұрғын үй маңын­дағы аулада сағат 06:00-ден 20:00-ге дейінгі аралықта серуендеуге рұқсат етіледі. Бұл тұрғыда міндетті сани­тарлық нормаларды ұстану керек. Осы орайда егде жастағы адамдарға (65 жастан асқан) әрі созылмалы ауруы барларға аса қажет болмаса, көшеге шықпағандары абзал. Айта кететін тағы бір жайт, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі сейілмегендіктен, адамдар көп жиналатын орындар, яғни сауда және ойын-сауық орталықтары, клубтар, мейрамханалар мен дәмханалар (тек онлайн тапсырыс) жабық болады. Сонымен қатар, қоғамдық көлік жұмы­сы карантин аяқталғанша қайта іске қо­сылмайды», деді Б.Мәкен.

Баяндама барысында ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тө­тенше жағдай кезеңінде табысын жоғалт­қан азаматтарға әлеуметтік кө­мек беру жұ­мыстары жалғасып жат­қанын атап өтті.

«28 сәуірдегі жағдай бойынша 42,500 теңге әлеуметтік көмекті 275 мың тұр­ғын алды. Жалпы, аталған төлемге 594,7 мың адам өтінім берді. 301 мың адамның өтінімі мақұлданбады. Со­ны­мен қатар «Біз біргеміз» акциясының екінші кезеңі аясында төлемдер жүр­гізіліп жатыр, оның аясында 28 073 адам қамтылды. Айта кетейік, «Біз біргеміз» акциясының алғашқы кезеңінде, яғни 19 наурыздан 23 сәуірге дейін елорданың 14 478 тұрғыны 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек алды», деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынба-
сары.