Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

Қоғамдық қабылдау онлайн өтуде

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша тағайындалған 42500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны 430 мыңнан астам тұрғын алған. Бұл көрсеткіш өсе түсері сөзсіз, яғни өтінімдер бойынша жұмыс жалғасуда.

Қоғамдық қабылдау онлайн өтуде

Биылғы 1 тоқсанда 1-6 жас ара­лы­ғындағы 25125 балаға азық-түлік және гигиеналық топтамасы берілді. Жалпы облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 19,8 мың отбасы немесе 111,9 мың адам болған.

Ал Nur Otan партиясының «Біз біргеміз!» акциясы бойынша 8236 отбасыға азық-түлік жеткізілген. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы Түркістан қаласының 4903 тұрғынына 50 мың теңгеден ау­дарылған. Айға жуық уақыт ара­лы­ғында партия филиалына 3 мыңға жуық өтініш келіп түсіпті. Оның 1772-сі оңтайлы шешілген. Алайда әлеуметтік көмектерге қатысты хабарласып, сұрақ қоюшылар қатары әлі де көп. Бұл жайт Nur Otan партиясы облыстық филиалының өңір тұрғындарына арнап ұйымдастырған тікелей эфир кезінде мәлім болып отыр. Партия филиалының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жұртшылық мемлекет және облыс әкімдіктері тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен партияның «Біз біргеміз!» акциясы туралы мағлұмат алып, өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Олардың сауалдарына партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мен Түркістан облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалы директорының міндетін атқарушы Дәурен Байырбеков жа­уап берді.

Тікелей эфир барысында 200-ден астам сұрақ қойылып, 70-тен астам желі қолданушысы өз парақшаларына бөліскен. Партия филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, эфирді 2 мыңға жуық адам тамашалап, мағ­лұмат алыпты. Сұрақтардың басым бөлігі мемлекет тарапынан берілетін әлеу­меттік көмектер, 42500 теңге жәр­демақы, «Біз біргеміз!» акциясы аясындағы азық-түлік және 50 мың теңгеге қатысты қойылған. Атау­лы әлеуметтік көмек алу, жәрдем­ақыларға құжат тапсыру мәсе­лелері бойынша шағымдар да бол­ды. Спикерлер тұрғындардың сұрақ­тарына сол мезетте жауап берсе, бір­қатары бойынша тиісті жұ­мыс жүргізілмек. Партия филиалы ал­дағы уақытта тұрғындар тарапынан сұрақ көп түсетін басқарма басшыларын қатыстырып, онлайн қоғамдық қа­был­дауды жалғастыруды жоспарлап отыр.

 

Түркістан облысы