Технология • 29 Сәуір, 2020

Онлайн сауданың көрігі қызды

210 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай енгізілгеніне қа­рамастан, кейбір шағын кәсіпорындар қолда тұрған несібесінен айырылып қалмау үшін, онлайн сатылым, жедел жеткізіп беру сервистерін пайдалануда. Әрине осынау сәтті тиімді пайдаланғандар қыруар табыстың астында қалуда.

Онлайн сауданың көрігі қызды

Сауда және интеграция министр­лігінің мәліметі бо­йынша, бүгінде нарықта 1700-ден астам интернет-дүкен, 20 электронды сауда алаңы жұмыс істейді. Ал заңды түрде салық комитетіне тіркелмегендері қаншама? Әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтар көбінесе киім-кешек,  аяқ-киім (58,7%), азық-түлік (29,3%) және т.б. заттарды сатып алып жатыр. Осы тұста барша жұртқа әлеуметтік әлеуетін танытып үлгерген холдингтердің бірі – Chocofamily.kz компания­сы. Алпауыт компанияның 6 ірі сервистік жүйесі бар. Олар: Chocolife.me,  Chocotravel, Chocofood, Idoctor, Lensmark және Рахмет сияқты e-commerce жобалар. Соның ішінде Chocofood сервистік жүйесі айналымда өте белсенді. Мәселен, Нұр-Сұлтанда – 205, Алматыда – 320, Шымкентте – 88, Қарағандыда – 70, Атырауда – 25 және Талдықорған, Тараз т.б. қалаларындағы мейрамхана тізілімдерін қосуға болады.

Сонымен қатар белсенді жоба­лар­дың қатарында – Glovo, Яндекс.Еда жедел жеткізу сервистік жүйе­лері бар. Қазірдің өзінде әлемнің 22 елінде қолданысқа енген Glovo бағдарламасын телефоныңызға жүктей аласыз. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында кез келген мекенжайға жеткізіп береді. Қазіргі күні тапсырысты тек кешкі сағат 20.00-ге дейін қабылдайды. Дегенмен бұл қызметке жұрттың көзқарасы әртүрлі. Мысалы, Instagram желісінде бір бойжеткен: «Бүгін дүкеннен тапсырыс бердім. Алдын ала Galmart гипермаркетіне қоңырау шалып, қалаған өнімнің бар-жоғын анықтадым, оларда барлық өнім түрі бар екен. Glova-да пошта арқылы тауарлардың тізімін растады. Ал курьер мүлдем басқа атаудағы өнімді алып келді», деп арызданса, көп тұтынушы «тапсырыс уақытында жеткізілді», «дәмді әрі ыстық күйінде жеп алдық. Көп рақмет!» деп алғыс­тарын қарша жаудырған.

Енді сервистік  қызмет көрсету жүйесінде жедел әрі дәмді жет­кізілетін fastfood-тың пайдасынан гөрі зияны көп болатыны біраз жұртқа ой салса, екіншіден кер жалқауға  таптырмайтын, аспаннан оп-оңай түсе қалатын  олжа болды. Қазағым «сақтансаң – сақтайды» дейді емес пе?! Сол тез әзірленетін тағамды жасаған  маманның тазалық гигиенасы  сақталды ма, жеміс-жидек, көкөністер дұрыс жуылды ма, ет немесе сүт өнімдері мөлшерленген уақытымен сақтала ма, не болмаса жеткізу барысында курьердің  жеке бас гигиенасының тазалығына, арнайы киімдер мен бір реттік қолғаптарды пайдалануы­на, сапасын растайтын, тазалығын сақтайтын меди­циналық тексерістен өткен арнайы қағазы бар ма? Осы тамақтың құндылығын, қауіпсіздігін тек­се­ретін мекеме санитарлық-эпидемиялық мәсе­лесін қаншалықты қадағалап отыр?  Әзірге жеткізуші тарапы­нан әлдебір ағаттықтар кетсе, тұты­нушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету бо­йынша өңірлерде аумақтық департаменттер жұмыс істейді. Сондықтан белгіленген тәртіпке құлақ асу баршамыздың міндетіміз.

Бір қуаныштысы, қазақ қыз­дары Instagram, Twitter, Facebook желілері арқылы өздері әзірлеген тағамдарын жариялап, челлендж ретінде бір-біріне жіберуде. Осын­дай да, аналарымыз «келінім саған айтам, қызым сен тыңда» деген тәмсілге сүйеніп, төл дәс­түріміздің арнасын кеңейтуге өз ықпалдарын тигізіп отыр десек қателеспейміз.

Ұлы Абай «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», дегендей қарап отырмай, бос уақытты неліктен игі іске жұмсамасқа?.. Сол себеп­ті қасиетті Рамазан айында отбасын­дағы жақындарыңызбен бірге имани ұстанымды мығым бекітіп, тамақтану мәдениетін сақтап, қайырымды істердің  сауабын алайық.

 

Айым БОЛАТҚЫЗЫ