Парламент • 29 Сәуір, 2020

Н.Нығматулин: Жаңа түзетулер сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттырады

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасын  бірінші оқылымда мақұлдады.

Н.Нығматулин: Жаңа түзетулер сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттырады

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған заң жобасына енгізілген жаңа түзетулер арқылы ағымдағы жылы Парламент сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы жүзеге асырылғанын атап өтті.

– Осы мақұлданған заң жобасы еліміздің ашық және тұрақты дамуы жолындағы тағы бір маңызды қадам деуге болады. Себебі әрбір демократиялық дамыған елде сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленген осы заң жобасы жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтуге бағытталып отыр. Осы жолда заң жобасына жемқорлықпен күресті жүйелі түрде жүргізуге арналған көптеген өзгеріс енгізілді. Оның басты мақсаты – кез келген заң бұзудың алдын алу және болдырмау, – деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қылмыстың кез келген түрін арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың қызметкерлеріне ғана емес, жалпы кез келген құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне белгілеуді ұсынды. Бас Прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Ішкі істер және қаржы министрліктерінің өкілдері депутаттардың бұл ұсынысымен келісіп, құжат жобасы екінші оқылымға дейін пысықталатын болды.

Сонымен қатар бүгінгі жалпы отырыста депутаттар көтерген тағы бір мәселе өз шешімін тапты. Ол жөнінде Мәжіліс Төрағасы:

– Енді тек бірінші басшылар ғана емес, квазимемлекеттік секторда қызмет ететін лауазымды тұлғалар да жемқорлық үшін жауапқа тартылады. Бұл норма бойынша да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы жүзеге асырылады. Бұл әділ және дұрыс қадам деп есептеймін. Оны қолдауымыз керек, – деді.

Талқылауды қорытындылаған Нұрлан Нығматулин осы заң жобасының нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігі артатынан алға тартты.

Сондай-ақ заң жобасы арқылы құқық қолдану практикасында туындаған құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жоюға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның мәртебесі мен ұйымдық қызметіне қатысты мәселелерді реттеуге бағытталған нормалар бекітіледі.