Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

Түркістан: Экспортқа бағытталған 4 кәсіпорынды іске қосу көзделіп отыр

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында 2020-2021 жылдары экспортқа бағытталған 4 кәсіпорынды іске қосу көзделіп отыр.

Түркістан: Экспортқа бағытталған 4 кәсіпорынды іске қосу көзделіп отыр

Нақтырақ айтсақ, «Тұлпар Май» ЖШС-ының жылына 6 600 тонна мақта майын өндіретін, инвестиция сомасы 3,4 млрд теңгелік жобасы, «JID&COM» ЖШС-ының қуаты жылына 400 тонна бақша және жеміс-жидек өнімдерін терең өңдеу зауыты (инвестиция сомасы 0,2 млрд теңге), «Ecoinvest» ЖШС-ының жылына 16 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру (инвестиция сомасы 6,8 млрд теңге), сондай-ақ «Standart Petroleum & Co» ЖШС-ының көмір-химия комбинаты (инвестиция сомасы 24 млрд теңге) жобасы жүзеге асырылмақ.

Өңірде сондай-ақ экспортқа бағдарланған «Standard Petroleum» ЖШС мұнай өңдеу зауыты бой көтереді.  Жаңа зауытты Ордабасы ауданында 2021 жылы іске қосу жоспарланған. Экспорт көлемі жылына 2 млн АҚШ долларын құрайды деп күтілуде. Жалпы құны 95 млрд теңге болатын жоба ясында мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл алдағы уақыттың еншісіндегі істер. Ал қазіргі уақытта өңірде сыртқы сауда экспорты тоқтаған жоқ. Коронавирус көкөніс экспортына өз кесірін тигізгені жасырын емес, дегенмен уран, ұн, трансформаторлар мен балық өнімдері және күркетауық еті негізгі шикізаттық емес экспортталатын тауарлар ретінде аталуда.

7

Өңірдегі тауарөндірушілердің экспортын ілгерілету мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтердің кең түрін  ұсынатын «Turkistan Invest» қызмет көрсету орталығы құрылған. Оның көмегіне жүгінуші кәсіпкерлердің қатары да көбейген. Мәселен, «Turkistan Invest» көмегімен көлік қызметтеріне, шетелдік көрмелерге қатысуға және тауарды шетелде жарнамалауға жұмсалған шығындарды өтеу үшін «QazIndustry «СОО» АҚ - на Түркістан облысының 18 экспорттаушы компаниясы өтінім берген. Қазақстан мен Қытай арасында сүт өнімдерін экспорттау бойынша былтыр жасалған келісім нәтижесінде «Golden Camel Group» зауыты ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Қытайға 30 тонна құрғақ түйе сүтін экспорттады. ІІ аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында қол қойылған Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы кәсіпорындары арасындағы жалпы сомасы 50 млн АҚШ долларын құрайтын 3 экспорттық келісімнің де қосар үлесі қомақты болмақ.

Айта кетелік, 2020 жылдың қаңтар-ақпанында Түркістан облысының экспорт көлемі 54,9 млн АҚШ долларын (оның ішінде шикізаттық емес экспорт - 15 млн АҚШ) құрады.

3