Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

Өмірзақ Шөкеев: Жұмыс кестесінен қалыс қалуға мүлдем болмайды

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында әкімшілік-іскерлік орталықта құрылысы жүріп жатқан арендалық және несиелік тұрғын үйлер тамыз айында пайдалануға беріле бастайды. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 62 тұрғын үйді биыл тапсыру жоспарланып отыр.

Өмірзақ Шөкеев: Жұмыс кестесінен қалыс қалуға мүлдем болмайды

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылысшылармен кездесуде барлық тұрғын үйлердің сыртқы көрінісінің бірыңғай болуына баса назар аударуды міндеттеді.  Яғни Түркістандағы тұрғын үйлердің басым бөлігі ашық түсті травертин мен ақ мәрмәр таспен қапталады. «Жұмыс ауқымы өте үлкен. Оны жақсы түсінеміз. Алайда қаржы дер кезінде бөлінген соң жұмыс тоқтамау керек. Жұмыс кестесінен қалыс қалуға мүлдем болмайды. Қажет болған құрылыс нысандарына қосымша күш тартылды. Оның үстіне кейбір құрылыс нысандарында тәулік бойы жұмыс істеуге көшуге әбден болады», деді Өмірзақ Шөкеев.

Сондай-ақ облыс әкімі мердігер компания жауаптыларына жұмыс қарқынын жылдамдатуды тапсырды. Салынып жатқан нысандарды аралап, сапасына баса назар аударды. Құрылысқа атсалысып жатқан шетелдік компания жетекшілерімен кездесіп, жұмыс барысындағы бірқатар өзгерістерді талқылады.

7

Бүгінгі таңда басқармалар, департаменттер ғимараттары, Конгресс орталығында құрылыс аяқталып келеді. Ішкі әрлеу, инженерлік желілерін монтаждау және сыртқы абаттандыру жұмыстары екі ауысымда жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан алаңында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оқушылар сарайы, стадион, бассейні бар спорт кешені де аяқталуға жақын.