Қоғам • 29 Сәуір, 2020

Ұшаққа анықтамамен мінгізеді

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ішкі әуе рейстерін қайта іске қосқан соң санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту барысы туралы баспасөз мәслихаты өтті.

Ұшаққа анықтамамен мінгізеді

Елдегі жағдай салыстырмалы түрде тұрақтанғанын ескере отырып, 1 мамырдан бастап елорда мен Алматы арасындағы рейстер ашылатыны белгілі. Әйтсе де, еркінсуге әлі ерте. Мемлекет үшін ел азаматтарының денсаулығы маңызды. Соған орай Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы, Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов ұшаққа мінетін жолаушылардың арнайы анықтама қағазы болуы керектігін ескертті.

– Ішкі авиарейстер ашылса да, санитарлық-карантиндік бақылау күшейтіледі. Ұшаққа билет алмас бұрын Covid-19 пандемиясының белгілері жоқтығы туралы анықтама алуыңыз қажет. Ол үшін жол жүрер мерзіміңізден ертерек тексерілгеніңіз абзал.  Бұл анықтама 1 аптаға жарамды. Сол уақытта кері қайтып үлгеру керек, – деді С.Байғабылов.

Коронавирус жұқтырмағаны туралы анықтама құны 11500 теңгені құрамақ. Ал жеке тестілеу орталықтарында 19-20 мың теңге көлемінде болады.

Баспасөз мәслихаты барысында Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің санитарлық-карантиндік пункттерінің басшысы Дария Әзімбаева жолаушылар міндетті түрде бетперде мен медициналық қолғап киюі керектігін айтты.

– Бұл міндеттер департамент басшысының қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Санитарлық-карантиндік бақылау бөлімінің мамандары термометр арқылы жолаушылардың температурасын бақылауда ұстайды. Әуе рейстері жиі-жиі дезинфекцияланады. Жолаушылар ұшаққа бір-бірінен қашық орындарда, яғни араларына 1 орындық қалдырып отырады.  Ұшақ бұрынғыдай толы болмайды. Билеттердің 60 пайызы ғана сатылмақ, – деді Д.Әзімбаев.

Спикерлердің айтуынша, ұшақ билеті қымбаттауы мүмкін, оның бағасын Азаматтық авиация комитеті шешеді.