Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

Түркістан облысында карантин режімі жеңілдетілді

3883 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында бүгіннен бастап барлық санитарлық нормалар мен талаптарды сақтай отыра, химиялық тазалау, кір жуу, кілем тазарту нысандары, сән салондары, шаштараз нысандарына жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Азаматтар қызмет көрсету орындарына алдын ала жазылу арқылы бес адамнан аспайтындай ретпен  баруы тиіс.

Түркістан облысында карантин режімі жеңілдетілді

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сакен Қалқаманов онлайн-конференцияда мәлімдеді.  Сондай-ақ тұрмыстық жөндеу орталықтары жеткізу қызметін көрсететін болады. Автожуу, дөңгелек ауыстыру, май ауыстыру орталықтары, токарлық, дәнекерлеу, жиһаз цехтары, ателье, киім мен аяқ киімді жөндеу, кәсіпорындар, құрылыс базарлары мен дүкендері де өз жұмысын бастайды. Ал екінші деңгейлі банктер, «Қазпочта» бөлімшелері мен көктемгі егін егу жұмысы үшін несие беретін микроқаржы ұйымдары, ломбардтар және айырбастау пункттері қызметіне кіріссе, асханалар мен тамақтану орындары 8.00-22.00 аралығында тамақты онлайн тапсырыс арқылы даярлап, жеткізу қызметін атқарады.

Азық-түлік сататын көтерме сауда орындары мен дүкендер,  дезинфекциялық режімді сақтай отырып жұмыс істейді, дәріхана, қонақүйлер, нотариустар, адвокат кеңселері де қызметіне кіріспек. Сондай-ақ С.Қалқаманов тұрғындарға саяжайлар мен бау-бақшаларына сағат таңғы 6:00-ден 21:00-ге дейін рұқсатнама (пропуск) жүйесіне сәйкес баруға рұқсат етілетінін жеткізді. Олар өздерімен бірге саяжай немесе бақша меншігін растайтын құжаттарын алып жүруі қажет.

Барлық іске қосылған нысандарда күнделікті дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. Санитарлық нормалар мен санитарлық қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда, заңға сәйкес қатаң шаралар қолданылады немесе сол мезетте қызметі тоқтатылады.

1