Аймақтар • 30 Сәуір, 2020

Өрт пен судан құтқарған ержүрек жігіттер

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласы «Отырар» шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларын аралап жүрген патруль қызметкерлері көмекке шақырған дауысты естиді. Жедел жеткен әскерилер өрт шарпыған үйден егде жастағы екі қария мен оның қызын алып шыққан. Жедел-жәрдем шақырып, зардап шеккендерге медициналық қызмет көрсетуге атсалысқан.

Өрт пен судан құтқарған ержүрек жігіттер

Осылайша ефрейтор Шахрух Журабеков, қатардағы жауынгер Мақсат Жұманазаров және Түркістан қалалық полиция бас­қар­масының жергілікті полиция қызметкері, учаскелік полиция инспекторы, лейтенант Әділбек Ержігітұлы өрттен үш азаматты аман алып шықты.

Айта кетелік, ефрейтор мен қатардағы жауынгер жуырда ғана төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі Мемлекет басшысының Жар­лы­ғына сәйкес жасақталған аумақ­тық әскер қатарында қызмет ету­ге кіріскен болатын. 

Осындай батылдық пен қайсарлық, яғни ерлікке балар әрекет жасаған Келес аудандық әкімдігінің жетекші маманы Бексұлтан Арапбай  суға батып бара жатқан қызды құтқарды. Оқыс оқиға аудандағы Абай – Біртілек ауылдарының ара­сын­дағы бекет маңындағы  «Ошақ­ты» каналында кешқұрым орын алған. Бексұлтан қыздың каналдағы суға түсіп кеткенін байқап қалады. Дереу шешім қабылдаған ол суға секіре түсіп, ағыспен ағып бара жатқан қызды ажал аузынан аман алып қалады. «Бір Алла сақтады, себебі мен ол қызды құтқармақ болып суға сүңгіген кезде қыз талып канал табанына батып бара жатқан еді. Дер кезінде судан шығарып, алғашқы көмек көрсеттік», дейді Бексұлтан Ғабиддинұлы. Кейіннен мәлім болғандай, суға түскен қыздың эпилепсия ауруымен ауыратыны анықталған. Ол өзін жайсыз сезініп, суға секіріп кеткен. Блок-бекетте қауіпсіздіктің сақ­талуына бақылау жасаған Бексұлтан Арапбай осылайша жас қызды құтқарып қалды.

 

Түркістан облысы