Экономика • 30 Сәуір, 2020

Шағын қаржы ұйымдары жабылып қалмай ма?

361 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарын, оның ішінде ломбардтарды және онлайн-кредиторларды тексеруді бастады. Мұндай ұйымдар көптеп шоғырланған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 1100 ломбард тексерілмек. Яғни еліміздегі ломбардтардың тең жартысы тексеріледі деген сөз.

Шағын қаржы ұйымдары жабылып қалмай ма?

Бірінші кезекте тексерушілер ел Президентінің төтенше жағдай енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру туралы тапсырмасын орындау мәселесі­не назар аудармақ. Автокөлік кепіліне несие беру компаниялары қауымдастығының прези­денті Дулат Тастекеев айтқан­дай, тексеріс еліміздің кейбір өңір­лерінде басталып та кетті.

– Тексеріс барысында қандай да бір олқылықтар анықталса, шаралар қолданылатыны анық. Заң талаптарын бұзған ұйымдардың айыппұл төлеуі, иә болмаса жабылуы мүмкін. Тек барлық талаптарды дұрыс сақтаған ұйым­дар­дың осы тізімге ілігіп кетпе­гені дұрыс деп есептеймін, – дейді Д.Тастекеев.

Оның айтуынша, кейінгі уақыт­та шағын қаржы ұйымдарына тек­серіспен қатар, заң аясында шек­теу­лер де қатаңдады. Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агент­тігіне барлық микроқаржы ұйым­дарын бақылап отыру құзы­реті берілді.

– Биыл тіркеуден өткен қаржы ұйымдары жұмысын жалғастырған жағдайда жылдық мөлшерлемесі 56 пайыздан аспайтын несие бере алады. Одан артық берілген несие заңсыз деп танылады. Бұған дейін жылдық мөлшерлемені ломбардтар 100 пайызбен беріп келді.

Халықты қанап, 600-700 пайызбен несие беріп келгендер де бар. Солардың кесірінен барлық шағын қаржы ұйымдары алааяқ атанды. Енді бұл салада нарыққа қатысушылар саны кемуі, бәсекелестік орта азаюы мүмкін, – дейді Автокөлік кепіліне несие беру компаниялары қауымдастығының президенті.

Жаңа ереже халық үшін тиімді болғанымен, шағын қаржы ұйым­дарына тиімсіз екені түсінікті. Себебі қойылған талапты шағын ұйымдардың бәрі бірдей орындай алмайды. Десе де, шағын қаржы ұйымдары екінші деңгейлі банк­термен салыстырғанда тез қызмет көрсететіндіктен, халықтың біраз бөлігі ломбардтарды жағалайтыны белгілі. Төтенше жағдай кезінде мұндай ұйымға жүгінгендердің жартысына жуығының жұмыссыз қалуына байланысты төлем қабілеті төмендеп, қалдырған заттарын ала алмаған. Бірақ Д.Тас­текеев төтен­ше жағдай кезін­де ломбард­қа жүгін­гендерге өсімпұл есептелмейді деп сендірді.

Карантинге байланысты Үкімет тара­пынан кәсіпкерлікті қол­­дау­ға арналған шаралар қабыл­­дан­ға­ны белгілі. Алайда еліміздегі лом­бардтар бұл кезеңде аренда тө­леп, салықтық жеңілдікке іліге алмай отыр екен. Қазақстан ломбардтарының ұлттық қауым­дасты­ғының жетекшісі Асхат Ізті­леуовтің айтуынша, төтенше жағдай кезінде тауарлардың жекелеген санаттары, соның ішінде ең қажетті тауарлардың бағалары көтеріле бастады. Осыған бай­ланыс­­ты, халық азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу, жалдамалы тұрғын үй, ком­муналдық төлемдер және басқа да қажеттіліктер үшін қаржыдан қысы­лып, ломбард­тардың көме­гіне жүгінуге асығады. Ал жұмы­сын тоқ­тат­қан ломбардтар қаржы­лық тұр­ғыдан зардап шеккен сектор­лар­дың санатына кіре алмай отыр.

– Ломбардтар заң бойынша жұмыс істеуге дайын, бірақ заңда енгізілген барлық өзгертулер мен толықтырулар талқылау арқылы қабылдануы керек. Ломбардтар банктерден несие алады. Қазіргі жағдайға байланысты несие қарызын төлеуді кейінге қалдыру туралы өтініші мақұлданбады. Біз 3 ай бойы борышкерлеріміз­ге өсім­пұл есептемей отырмыз. Жалақы төлеп, қауіпсіздік шараларын сақтау үшін шығындаламыз. Үнемдеу шараларын қолдануға мүмкіндік жоқ. Ломбардтағы ішік, алтындарды үйімізге апарып сақтай алмаймыз. Сондықтан ломбардтар төтенше жағдайдан жапа шеккен кәсіптік секторға жатпағандықтан, банктер көмек көрсетпей отыр. Біз мемлекетке уақтылы салық төлеп отырмыз, – дейді Қазақ­стан ломбардтарының ұлт­тық қауым­дастығының жетекшісі.

Сала кәсіпкерлерінің айтуын­ша, шағын ұйымдар осылай қыс­паққа алына берсе, еліміздегі ломбардтардың 90%-ы нарықтан кетуге мәжбүр болуы мүмкін. Ал­дын ала мәлімет бойынша, бұл са­лада 3 мыңға жуық адам жұмыс іс­тейтінін айта кетейік.