«Қателеспесем, 2019 жылдың 13 желтоқсаны болуы керек, Батыс Қазақстан облысы Білім басқармасының Облыстық экологиялық-биологиялық орталығына бір сайысқа қазылар алқасының құрамына шақырту алдым. Сол шараны ұйымдастырушы Сымбат есімді замандас зообақты аралатты. Ішінде түрлі өсімдіктер, сұсты жылан, күлкілі маймыл, тылсым мінезді үкі, мысық тұқымдас маңғаз пума... Зообақты аралап келе жатып бір ерекше болмысқа көзім түсіп кілт тоқтап, қараған күйімде қатып қалдым. Сенесіз бе, тор ішінде сіз бен біз білетін қасқырдан мүлде басқаша қара қасқыр тұр. Сымбаттан анықтап сұрап едім, канадалық қасқыр екен. Әңгіме осы жерден қызып, сұрақтарды жаудыра жөнелдім. Сымбат сәл күліп жіберіп: «Бұл қасқырды өзім өсіргенмін», деді. Міне, керемет! Әңгіме ауаны одан сайын кеңи түсті.
Мира есімді канадалық бұл қасқыр Оралға екі айлық бөлтірік кезінде әкелініпті. Замандастың айтуынша, алғашында Мира үйшігінен шықпайтын жасқаншақ болыпты, оның үстіне бұрыннан осы жақты мекендеп жатқан аңдар жаңадан келген бөлек болмысты жатсынған көрінеді, ішімнен жаңадан келгендерді мүйіздеу бұларда да болып тұр ғой деп ойлағанмын. Сөйтіп Сымбат сүйкімді бөлтірікті үйшігінен алып шығып, қарғыбау байлап ұстап қыдыртып жүріпті. Бой үйрете бастаған бөлтірік шөптерді иіскеп, тәрбиешісінің бетін жалап, тістеп, ойнап асыр салады. Сымбаттың бұл аңды бағу кезінде байқағаны әлі азуы ақсимаған Мира зообақтағы жылқыларды көрсе, құлағын тікірейтіп, айбат шегеді екен және тынышсыз болды.
Әрине түрі сәл өзгеше болса да жемтігін жортып жүріп табатын түздің төресі ғой бұл, қанына тартпай қоя ма, бұйрық бергенді онша ұнатпайды екен. Өзі тор ішінде қамауда болса да ойы еркіндікте екенін сездірді дейді. Біз білетін қасқырлардан айырмашылығы – бұл тектестердің мойны жуан, басы мен аяқтары үлкен және де өте ұзақ жолға төзімді келеді екен. Сымбаттың айтуынша, қасқыр – қастандық қылсаң да, жақсылық жасасаң да ұмытпайтын тіршілік иесі. Шынында Мира қазір өсіп, желкесі күдірейген үлкен болса да Сымбаттың даусын естісе қыңсылап, еркелеп, ойнақтап кетеді, мұнысы мақұлық болса да адам жасаған жақсылықты ұмытпағаны ғой. Бұл әңгіме барысында мені таңғалдырғаны, қаршадай қыздың жыртқыштан қорықпай, бауырындай мәпелеп өсіргені, қайсарлық деген осы емес пе!», дейді Ақжайықтың ақыны.
Әрине ақындар сезімтал келеді ғой. Не көрсе, соған тебіреніп жатады. Бірақ Орынбектің орамды ойларының ар жағынан «табиғатты сүйсең, Сымбатша сүй» деген пейілі қылаң беріп тұрғанын аңғардым. Сазгер досымның салмақты пікірінен соң Мира есімді канадалық қасқырды бағып, баптаған Сымбаттан сыр суыртпақтадым. Жиырмадан енді асқан бойжеткен М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ жаратылыстану-география факультетінің биология мамандығын бітірген екен. Оқуын аяқтай сала облыстық Білім басқармасының Облыстық экологиялық-биологиялық орталығына қосымша білім беру педагогі болып жұмысқа орналасқан.
«2019 жылдың сәуір айында орталығымыздың жануарлар меңгерушісі Татьяна Николаевна Мазяркина зообағымызға Саратов қаласының зообағынан канадалық қасқырдың бөлтірігін әкелген болатын. Ол кезде 2 айлық еді. Жануардың атын Мира деп атадық. Зообағымызда әр жануардың есімі мен құжаты бар. Содан менің оған қызығушылығым арта түсті. Өте сүйкімді, сирақтары иттің күшігінен үлкен. Осы айырмашылығын бірден байқадым. Алғашында Мира жасқаншақ болды, айналасындағы жануарлардан қорқып, үйшігінен шықпады, ортаға үйренісе алмады, кейіннен бейімделді. Тордың сыртынан атын қайталап, құлағын жаттықтыра бердім. Себебі күшік болса да жыртқыш қой. Содан торына кіріп, сипап, өзіме үйрете бастадым. 1-2 аптадан кейін жануарлар меңгерушісі Татьяна Николаевна оны сыртқа, күннің көзіне шығару керек екенін айтты. Мен қуана келістім. Мираны сыртқа алып шығудың өзі жыр болды. Жан-жағындағы жануарлардың дыбысынан қорқып, қыңсылап, басын салбыратып, қайта-қайта торына жүгіре берді. Содан қолыма көтеріп алып сыртқа шығардым. Сыртқа үйрене бастады. Көбінесе тыныш, көлеңкелі жерлерде серуендеттім. Әбден үйренген соң мойнындағы қарғыбауды тістелеп, «ал» дегендей әрекет танытады. Қанша дегенмен бостандықты аңсайды ғой. Серуен барысында өте тынымсыз. Аяғыма оратылып, тістеп, бетімді жалап, иіскелеп, ырылдап ойнайды. Мираға «жат», «тұр», «секір» деген нұсқауларды үйреткім келді, бірақ онымнан ештеңе шықпады. Өйткені бұйрықты жақтырмайтынын түсіндім. Жалпы жануарлардың ішінде тек қасқыр ғана циркте өнер көрсетпейді. Бұл да бұйрықты ұнатпады», деді Сымбат Анварқызы.
Иә, бөлтірік болса да бөрінің тұқымы ғой. Қалай дегенмен де қасқырлық қасиет қанында бар. Айтқанға көніп, айдағанға жүру мінезсіз адамның міні емес пе? Жануар болса да жанына жат қасиетті бойына сіңірмей, тұқымына тартқан Мираның бұл әрекеті сүйсіндірмей қоймайды. Әрі қарай қалай болғанын Сымбаттың өзінен сұрайық.
«Серуен кезінде қайта-қайта жылқыларға барғысы келіп тұрады, ал жылқылар үркеді. Бір күні Мираны біздің зообағымызды бұрыннан мекен ететін Шыңғыс есімді қасқырға апарып едім, тордың сыртынан қыңсылап, иіскелеп, құлағын жымырайтып алып, «жібер» дегендей күй танытты. Ол өзінің тұқымын танып тұрғанын байқадым. Шілде айының ортасында еңбек демалысына кеттім. Қыркүйек айында Мира 1 жасқа толды. Жұмысқа келсем, оның бойы ұзарып, кәдімгі дәу қасқыр болыпты. Өзім танымай қалдым. Бөлтірік кезінен баққан Мирамды бұрынғы торынан шығарып, басқа қасқырдың қасына орналастырыпты. Бірге емес, бөлек торда, ортасы темірмен бөлінген. Бір-біріне үйрету мақсатында осылай жасалған. Өзімнің қауіпсіздігім үшін оның жанына жоламадым, қорықтым, тек сыртынан бақыладым. Қайткенмен де жыртқыш қой, ойында не барын білмейсің. Мира деп шақырдым, ал ол мені 2 ай көрмесе де даусымды танып, секіріп, қыңсылап, тордың ішінде айналып қуанып жүр. Соған қарағанда даусымды ұмытпаған сияқты. Биыл Мира 2 жасқа толады», дейді Сымбат.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Әрбір тіршілік иесіне жасалған жақсылық сауап ретінде жазылады» деген сөзін ескерсек, Сымбаттың бұл әрекеті қызметі мен қызығушылығынан бөлек жануарларға да жан жылуын төге білу керек екенін аңдатады.