Медицина • 30 Сәуір, 2020

Медицинаға жаңаша көзқарас

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде төтенше жағдайға байланысты шаралар дер кезінде қолға алынды. Қытайда оқып жатқан және сол елге сапарлап барған азаматтарымызды ауру жұқтырмастан бұрын тегіс елге әкелгені індеттің алдын алудың өте бір мықты қадамы болды деп есептеймін. Оны басқа елдер жасады ма, жасамады ма білмеймін, ал біздің азаматтардың індет өршіп тұрған жерден Отанына қайтуы нағыз халыққа жасалған қамқорлық болғаны анық.

Медицинаға жаңаша көзқарас

Президент Қ.Тоқаевтың төтенше жағдайды 11 мамырға дейін ұзарту жөніндегі шешімі де өте құптарлық, өйткені ауру өршу шыңына әлі жеткен жоқ. Кейбір жерлерде вирус жұқтыру төмендегенімен, кей өңірлерде шырқау биігі әлі алда, сондықтан да ұзарту саясатын қолдаймын. Тіпті мамырдың 11-нен кейінгі қадам жөнінде де бір ойланып алу қажет болар. Осы шаралар арқылы бүгінде елімізде ауыр­ғандар саны да, қайтыс болғандар саны да өзге елдердей шығандап кетпеді. Швеция, Швейцария, Беларусь Республикасы сынды мем­ле­кеттер ауруға қарсы шаралар­ды қарастырмап еді, енді оның салқынын, зардабын тартып жатыр. Қазақтың «Алынбайтын қамал, жеңілмейтін жау жоқ» деген сөзі рас. Ел болып оқшауланып едік, бұл бағыттағы іс нәтижелі болып жатыр. Әйтпегенде көптеген азаматымыздан айырылып қалар едік.

Президент бұл жолы да ме­дицинаға деген көзқа­рас өзгеретінін, саланы қаржы­лан­дыру күшейетінін, медицинаны дамыту, реформалау қажеттігін баса айтты. Бұл – өте дұ­рыс шешім. Яғни көзге көрінбейтін ви­рус тек медицинаға емес, жалпы адамзаттың өмірлік көзқарас, ұста­ны­мына да өзгеріс енгізіп жатыр.

Осы қиын күндерде медицина қызметкерлері майданның алғы шебіндегі сарбаздардай еңбек етуде. Төтенше жағдай орын ал­ған кезде, алдымен құт­қа­ру­шылар зардап шекпей ме, сол тәріз­ді біздің дәрігерлер мен мейірби­ке­леріміз алғы шепте аянбай еңбек етуде. Мемлекет медицина қыз­мет­керлеріне қосымша ақы төлеуді қарастырды. Жоғары деңгейдегі үсте­меақы төленіп жатыр. Бұл денсау­лық күзетіндегі жандарға жасалған үлкен құрмет, қамқорлық деп санаймын. Біз дәрігерлер қауымы мұны өте жоғары бағалаймыз.

 

Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор