Аймақтар • 30 Сәуір, 2020

Атырау: Саяжайды атты жасақ бақылайды

497 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төтенше жағдайға байланысты енгізілген карантин кезінде саяжайларды  тіміскілейтіндер көбейіпті. Енді сондайларға полиция қызметкерлеріне көмекке келген  атты жасақ мүшелері тойтарыс бергелі отыр.

Атырау: Саяжайды атты жасақ бақылайды

Мәселен, Алмалы селолық округі аумағында 250-ден астам саяжай учаскесі бар. Алайда, бұған дейін саяжай иелері өз учаскелеріне бара алған жоқ. Енді Атырауда да саяжайларға баруға рұқсат беріліп отыр. Бірақ, саяжай иелері  өз учаскелеріне сенбі мен жексенбі күндері таңертеңгі сағат 06:00-ден 09:00-ге, кешкі 17:00-ден 20:00-ге дейін ғана барып-келе алады. Ал, өзге күндері  оңай олжаны ойлайтындар саяжайлардан қолға түскенді іліп кетуге бейім екен.

– Полиция қызметкерлерінің саяжайды ұдайы қадағалауға мүмкіндігі бола бермейді. Сол себептен, бір топ ерікті саяжайларды бақылауды қолға алдық. Оған өзіміздің атымызды пайдалануды ұйғардық. Өйткені, саяжай аумағында көлік жүре алмайтын тұстар бар, -дейді полицияның ерікті көмекшілерінің Отарғали Әубекеров.

Көп жылдан бері саяжай учаскесіне көкөніс, бақша өнімдерін өсіретін Владимир Заверткиннің айтуынша, осы кезге дейін құрал-саймандар, құрылыс материалдары жиі жоғалатын болған. Алайда, күзетші жалдауға қаржының тапшылығы кедергі келтіреді. Енді аттылы жасақ іске кіріскелі  бері ұрлық айтарлықтай азайыпты.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира Мұхтарованың мәлім етуінше, атты жасақ мүшелерін полицияның қоғамдық көмекшісі деуге болады. Қазір 600-ден астам қоғамдық көмекші бар. Олар жыл басынан бері 100-ден аса қылмыстың ашылуына қолғабыс жасапты.

– Қоғамдық көмекшілер  учаскелік инспекторлармен бірге қоғамдық тәртіптің сақталуына да атсалысып жүр. Әр тоқсан сайын белсенді көмекшілерге 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы беріледі, -дейді полиция  департаментінің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова.