Аймақтар • 30 Сәуір, 2020

Түркістан: Тоқтағұл су қоймасынан алатын ағын су көлемі азайған

742 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Жетісай ауданында егістік алқапты қажетті ағын сумен қамту өзекті мәселенің бірі. Шаруаларға су жеткізетін негізгі каналдар мен ішкі су жүйелерінің ұлтандары май топырақ пен шөп-шалаңнан дер кезінде толық тазаланбай келуі де кері әсерін тигізіп отыр. Сондай-ақ елімізге жылына 13 млрд 540 млн текше метр су жіберетін қырғызстандық Тоқтағұл су қоймасынан алатын ылғал көлемінің 2 млрд 40 млн текше метрге азаюы да  биыл арық-атыздарды тазалау жұмыстарын жылдағыдан ерте бастауға себеп болып отыр.

Түркістан: Тоқтағұл су қоймасынан алатын ағын су көлемі азайған

Бүгінде аудандағы ағын су тапшылығын жойып, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру және үнемдеу бағытында «ҚазСуШар» РМК Түркістан филиалы тарапынан ауқымды жобалар қолға алынған. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50,741 шақырым каналдарды механикалық тазалаудан өткізу жоспарланса, ұзындығы 35,666 шақырым болатын К-34, К-25-18, К-21-06, К-28-31, К-34-12 каналдары толық тазалаудан өткен. Сонымен қатар, бүгінде К-25 каналының тазалануы тиіс 22,7 шақырымының 5,5 шақырымы өскінді шөптер мен шөгінді тұнбалардан толықтай тазаланған. 15 мың гектарда 2400 шаруа қожалығы орналасқан аталмыш каналдың бойында 4 техника қызу жұмыс істеуде. Шаруалардың соңғы 15 жылға жуық уақыттан бері тазалау көрмеген К-25 каналында тиісті жұмыс жүргізген мекемеге айтар алғысы шексіз. Бұл бірінші кезекте диқандардың уақтылы су алуына, үнемді пайдалануына үлкен септігін тигізері сөзсіз.

Айта кетелік, бүгінде Жетісай ауданында ұзындығы 3 мың шақырымға жуық ірілі-ұсақты 1068 канал бар,  1556,9 шақырымға тең 780 дана су жүйелері орнатылған.

Соңғы жаңалықтар