Аймақтар • 30 Сәуір, 2020

Атырау: 56 елді мекенде қатты жол жабыны жоқ

336 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірде  жақсы  жолдың үлесі әлі де аз. Өңірдің 56 елді мекенінде қатты жол жабыны жоқ. Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен  көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі жөніндегі селекторлық кеңесте белгілі болды.

Атырау: 56 елді мекенде қатты жол жабыны жоқ

Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиевтің айтуынша, облыстағы жолдың жалпы ұзындығы 3000 км-ден асады. Оның ішінде 1120 км жол республикалық маңызға ие болса, жергілікті бағынысқа 1927 км жол қарайды.  Былтыр  көлік инфрақұрылымын дамытуға  39,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 37 елді мекендегі  230 км жол құрылысы жүргізілді.

«Нұрлы жол» бағдарламасындағы  маңызды жоба –  «Атырау-Астрахан» халықаралық автокөлік жолын қалпына келтіру. Алайда, бүгінгі экономикалық жағдай біраз өзгеріске себеп болып отыр.

– Қазір жағдай өзгерді. Жобаларды жүзеге асыруға қаржы жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан, алдымен басты міндеттерге, аудандардың қажеттілігіне, жолдың жағдайына қарау керек. Осындай қажеттілікке байланысты жоспар жасаған жөн. Бізге көлік инфрақұрылымын дамыту қажет. Бірақ, нақты мерзімі мен басты бағыттар көрсетілуі тиіс. Бұл бағыттағы  жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіледі,- деді  облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің пікірінше,   жобаны іске асырудың барлық механизмін есепке алу керек.  Ал, атқарылған жұмыстардың сапасына қатысты сын  айтуға болады. Өйткені, кейбір жағдайлардан технологияны сақтамау, пайдаланылған материалдар мен өндірістік процестердің сапасына толыққанды бақылаудың жоқтығы байқалады. Осыған орай облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов атқарылған жұмыстардың сапасы мен бюджет  қаражатының мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

– Облыстағы 56 елді мекенде қатты жол жабыны жоқ. Әсіресе, бұл Құрманғазы мен Қызылқоға аудандарында кездеседі. Жылыой ауданында – төрт, Индер ауданында – үш, Мақат ауданында  бір елді мекенде жол жабыны жоқ. Бұл мәселені шешу бақылауда болады. Жобалау-сметалық құжаттама дайындалып жатыр, - дейді басқарма басшысы   Әсет Оразғалиев.

Қазір Атырау облысындағы жақсы жолдың үлесі – 57 процент. Енді бұл көрсеткішті 2025 жылы 95 процентке жеткізу көзделіп отыр.