Аймақтар • 30 Сәуір, 2020

Атырау: Мониторинг нені көрсетті?

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бюджет қаражатын оңды-солды жұмсауға бола ма? Десек те, мұндай олқылық  әсіресе,  мемлекеттік сатып алуда жиі кездеседі.

Атырау: Мониторинг нені көрсетті?

Осыған орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мемлекеттік сатып алудың жай-күйіне мониторинг жүргізді. Оның  барысында бір тауарды әр түрлі мекемелер негізсіз жоғары бағамен жариялағаны анықтады.

– Мәселен, Атырау облыстық білім беру басқармасына қарасты «Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі» ММ-сі  1 литр айранды 450 теңгеге бағалап, жалпы сомасы 38 000 теңге артық қаражат жұмсапты. Ал,  1-3%  майлылығы бар сүт өнімінің 1 литрін 350 теңгеден сатып алып, нәтижесінде   98 000 теңгеге жоғары баға белгілеген. Осындай жоғары бағамен сатып алу фактілері шай (1 кг –3500 теңге) мен кептірілген жеміс-жидектерді (1 кг –1000 теңге) сатып алу кезінде де байқалды.

Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың басым  бөлігі А4 форматтағы ақ қағаз алады. Алайда, оның сомасы  бір дана үшін 1800 теңгеге дейін жетеді. Оны мына деректен аңғаруға болады. Құрманғазы ауданындағы  Орлы ауылдық округі әкімінің аппараты  1700 теңгеден алса,  Сүйіндік ауылдық мәдениет үйі  және Лабай ауылдық клубы  1800 теңгеден  45 данасын  81 000 теңгеге алған. Қазіргі таңда нарықтық бағаға сәйкес А4 форматындағы ақ қағаздың бір данасының құны – 1450 теңге. Яғни жоғарыда аталған мекемелермен тауар 15 750 теңгеге жоғары бағалаған. «Тұрмыстық кызмет» мекемесі бір  дана картриджді 80 000 теңгеге  сатып алған. Бұл бағаға бір емес, екі принтер алуға болады. Өйткені,  картридждың нарықта бағасы 20 000 теңгеден аспайды, - деп хабарлады облыстық департаменттің баспасөз қызметі.