Аймақтар • 30 Сәуір, 2020

Түркістан: Түлкібас ауданында 120 пәтер пайдалануға беріледі

423 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Түлкібас ауданында мамыр айының аяғында 120 пәтерлі көпқабатты 3 тұрғын үй ел игілігіне берілмек. Аталған үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылында бой көтерген.

Түркістан: Түлкібас ауданында 120 пәтер пайдалануға беріледі

Қазіргі таңда 7346 шаршы метрді құрайтын көпқабатты тұрғын үйлердегі құрылыс жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Үйлерді газ құбырына қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, ауданға қарасты Састөбе кентінде 64 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Ондағы жұмыстардың 40 пайызы іске асқан. Бүгінде ауданда 2066 тұрғын үй кезегінде тұр. Өткен жылы аудан әкімдігі тарапынан 21 көпқабатты үй құрылысына құжаттар толық дайындалып, қаржы қарастыру мақсатында облыстық тиісті басқармаға ұсынылған болатын. Егер бұл ұсыным қолдау тапса, биыл Састөбе кентінен көпқабатты 4 үй, Бақтыбек мөлтек ауданынан 7 үй, Түлкібас кентінен 10 үй бой көтеретін болады.

Сондай-ақ ауданда облыстық және аудандық бюджеттерден қаржы бөлініп, өткен жылы басталған 6 мектептің жанынан қосымша ғимарат салу жұмыстары жалғасуда. Бұл орайда екі мектептің қосымша ғимарат құрылысы тамыз айында толығымен аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Ал қалған төрт нысанның құрылысы 2021 жылы аяқталады деп күтілуде. Барлық құрылыс алаңдарында карантин режиміне сәйкес қауіпсіздік талаптары сақталып, жұмысшылар бетперделер мен дезинфекциялық заттармен қамтамасыз етілген.

6