Аталған заң жобасын таныстырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов заң жобасын қабылдаудың міндеті көші-қон заңнамасын жетілдіру екенін атап өтті. Оның ішінде елімізге келетін этникалық репатрианттар мен қоныс аударушыларға қолайлы жағдайлар жасау, ел экономикасының сұраныстарына арналған сыртқы еңбек көші-қонының тиімді жүйесін құру, қолайлы инвестициялық ахуал жасау, халықаралық үздік тәжірибені ескере отырып көші-қон процестерін реттеу саласындағы құқықтық базаны кеңейту және заңсыз көші-қонның жолын кесу бағыттары бар.
Көші-қонды реттеуді көздейтін құжатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «оралман» сөзін «қандас» сөзіне ауыстыру туралы түзету енгізілді.
– Этникалық көші-қон саласына қандай өзгерістер енгізіледі? Біріншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, этникалық қазақтар «оралман» мәртебесін алу үшін Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұру фактісін растау қажет. Іс жүзінде 1991 жылдан кейін туған этникалық қазақтар мұндай құжаттарды бере алмайды. Осыған байланысты, «оралман» мәртебесін алу үшін бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмауы негізгі критерийі ретінде енгізіледі, – деді Б.Нұрымбетов.