Парламент • 30 Сәуір, 2020

Соғысқа қатысқандар еңбек ардагерлері санатында қайдан жүр?

683 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Ардагерлер туралы» заң жобасы қаралды.

Соғысқа қатысқандар еңбек ардагерлері санатында қайдан жүр?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Парламент Мәжілісінде мақұлданған «Ардагерлер туралы» заң жобасын сенаторлардың назарына ұсынып, құжат ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыру мақсатында әзірленгенін атап өтті.

Заң жобасы бойынша ардагерлердің әлеуметтік қорғалатын 5 санаты айқындалды. Оның ішінде бір санаты еңбек ардагерлеріне қатысты болды. Оларға Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері, Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған тұлғалар, 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кеміне 6 ай жұмыс істеген, әскери қызмет өткерген және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тылдағы жанқиярлық еңбегімен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдермен марапатталған адамдар жатады.

Жаңа заңды талқылау барысында Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов құжаттың кейбір тұстарына қатысты баяндамашыға сұрақ қойып, сынға алды. Мәселен, сенатор еңбек ардагерлері санатына үш дәрежелі Даңқ ордені иегерлері неліктен енгенін сұрады. Өйткені бұл орден соғысқа қатысқандарға берілген. Бұған қоса ол қолданыстағы заңда Ауған соғысы ардагерлеріне бірінші кезекте тұрғын үй алуға құқық берілгенін, ал қазіргісінде бұл жағы қарастырылмағанын алға тартты.

Бұл сауалдарға жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов соғысқа да қатысқан, еңбекке де араласқан тұлғалардың еңбек ардагерлері ретінде де жеңілдіктерге ие болатынын, оның үстіне қазір Қазақстанда үш дәрежелі Даңқ ордені иегерлері жоқ екенін айтты. Ал санаты өзгерген Ауған ардагерлері үшін бұрынғыдай барлық жеңілдік сақталатынын атап өтті.