Абай • 01 Мамыр, 2020

Ұлы Абайды ұлықтаған ұстаз

907 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысында кешенді іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның ішінде Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен облыс мектептері мен колледждерінде «Абайтану» курсы бойынша авторлық өңірлік бағдарлама мен оқу-әдістемелік кешені әзірленіп, материалдық-техникалық базасы жабдықталған «Абайтану» кабинеттерін ашу көзделіп отыр.

Ұлы Абайды ұлықтаған ұстаз

Данышпан ақынды әлемге әйгілі ету мұраты кеше де, бүгін де күн тәртібінен түскен жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақ­стан» атты мақаласында жеке­леген ұлтты ұлы тұлғалары арқылы тану мәселесін айта келіп, шетелдіктер «Қазақ елін – Абай елі» деп білуі тиіс деген еді. Өз­ге­лерге танытатын, өзіміз танитын Абай тағылымы қандай? Мұны әйгілі мұғалім Қанипа Бітібаеваның ұстаздық тәжірибесі мен оқу-әдістемелерінен табамыз.

Қанипа Омарғалиқызы Абай туындыларын оқытуға негіз­делген екі, Мұхтар Әуезов шығар­маларын оқытуға бағытталған үш кітап жазды. Бұл – іргелі еңбектер санатына енген, ұлттық білім беру саласын байытқан туындылар. Әдіскер-ұстаз осы әдіс­намаларында кеңестік кезеңде қалыптасқан хакім хақындағы қасаң түсініктердің қалыбын бұ­зуға күш салды. Республикада алғаш рет құрылған өзінің автор­лық сыныптарында «Абай­тану» курсын оқытты. Қазақтың Қанипасы оқытқан Абай – идео­логиялық идол емес, ұлттық идея идеалы еді. Ол: «Абай сөзі – халық сөзі, Абай тілі – Алаш тілі» деген тұжырымнан таймады. Кремльдің Свердлов залында КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған сәтінде де қаймықпай: «Отан – туған тілден басталады» дегені соның дәлелі.

Ұлы Абайды ұлт болып ұлық­тап жатқанда хакім­нің мұраларын зерделеп, шығармаларын жас ұрпақтың санасына сіңіруге саналы ғұмырын сарп еткен, абайтану саласына салмақты үлес қосқан Қанипа Омарғалиқызының да еңбегі еленуі керек.

Қ.Бітібаева – ұстаздардың ұстазы, бірегей әдіснамалардың авторы, ұлттық педагогика тарихында орны бар тұлға. Ол «Құрмет» орденінің, «Ы.Алтынсарин» төсбел­гісінің, бүкілодақтық Н.Круп­ская медалінің иегері, Қа­­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Республиканың «Ең үздік» ұстазы, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының құрметті азаматы. Оның 200-ге тарта ғылыми-әдіс­темелік мақаласы, 41 кітабы жарық көрген. Ғалым-ұстаздың іс-тәжірибесі жөнінде бірнеше оқу фильмі түсіріліп, 2004 жылы «Дәуірдің дара ұстазы» атты киноочерк жарияланған.

Ұстаздық жолы туған жері Тарбағатай ауданының Ласты ауылындағы мектептен басталады. Семей қаласындағы Н.Круп­ская атындағы педагогикалық институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімін 1968 жылы үздік дипломмен бітірген жалынды ұстаз мектепте «Жас қа­лам» әдеби-драмалық үйірмесі негізінде шағын театр құрып, оқушыларға біліммен қатар эс­тетикалық тәрбие беруге талпын­ды. Қанипаша айтқанда: «Әдебиет – өнер, тәрбие сабағы. Ең алдымен, әдебиет сабағы – ой сабағы, ойлану сабағы», сондықтан ол сөз өнеріне баулу мен жас ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарын тұтастыра жүргізді. Мұғалімдіктің алғашқы жылдарында-ақ өзі жабдықтаған орта мектептер үшін әдістемелік кабинеті Тарбағатай ауданының тәлімгерлеріне тәжірибелік ғы­лыми-зерттеу орталығы болды.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап өмірінің соңына дейін Өскемен қаласындағы Жам­был атындағы мектеп-интерна­тында еңбек етті. Жамбыл мектебі мен Қанипа есімі егіз ұғымға айналды. 1980 жылы ұстаздың «Әдебиетті оқытудың тиімді жолдары» атты іс-тәжірибесі рес­публикалық теледидардан бе­рілген «Шапағат» хабарында талқыланды. 1983 жылы ҚазКСР Оқу министірлігі мен рес­публикалық мұғалімдер білімін жетілдіру институты тарапынан «Қазақ тілі мен әдебиетін оқы­тудың тиімді жолдары» атты оқу-тәжірибесі арнайы плакат ре­тінде шығарылып, республи­ка ұстаздарына таратылды, «Әуе­зов шығармашылығын оқыту­дың өзекті мәсәлелері» атты тәжі­ри­бесі сараланды. Осы кезден бас­тап Абай ілімін, М.Әуезов шы­­ғармаларын оқытудағы өзін­дік жолы, шығармашылығы қа­лыптасты.

Жаңашыл ұстаздың өз пәндерін адамгершілік-эстетикалық тәр­биемен тоғыстыра оқыту тәжі­рибесі жоғары бағаланды. Пе­дагогика саласындағы ерен ең­бегі үшін Қанипа Бітібаеваға ҚазКСР және КСРО ағарту ісінің үздігі медалі, 1990 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы табысталды. Ол осы атақты мұғалімдер ара­­сынан Кеңес Одағында бе­сін­ші, ал Қазақстанда бірінші болып ие­ленді. Үздік ұстаз ту­ра­лы сол кез­де «Народное образование» жур­­­­­налының тілшісі Л.Крас­нов­­­ский, «Учи­тельская газета» тіл­ші­сі С.Си­ницкая материалдар жазды.

Қанипа Омарғалиқызының қазақ әдебиетін оқыту әдіс­те­месін жетілдіру бағытындағы ізде­ністері мен іс-тәжірибелері зор. «Әдебиетті оқытудың тиім­ді жолдары», «Әуезов шығарма­шылығын оқыту», «Сабақ түрлері мен үлгілері», «Мектепте Абай шығармашылығын оқыту», «Әде­биеттану», «Абайды таны­ту», «М.Әуезов – мектепте», «Әде­биетті тереңдетіп оқыту», «Әде­биет оқулығы», «7-сынып әде­бие­тін оқыту әдістемесі», «5-9-сы­нып әдебиетін тереңдетіп оқыту», «10-11-сынып әдебие­тін тереңдетіп оқыту» сияқты бір­неше кітабы және жоғары оқу орындарының студенттеріне ар­налған «Әдебиетті оқыту әдіс­темесі» атты оқулығы респуб­ли­калық ЖОО оқытушылары мен мектеп ұстаздары үшін таптырмайтын көмекші құралға айналды.

1991 жылы 19 мамырда Қ.Бі­тібаеваның ғылыми әдістемелік атаулы мектебі ашылып, оның жетекшілігімен ұстаздар «Әде­биетті тереңдетіп оқыту әдісте­месін» жетілдіруге атсалысты. Сол жылы «Қазақ әдебиетін әлем әдебиетімен байланыстыра оқы­ту» бағдарламасын әзірледі. Жо­ғары оқу орындарындағы педагог мамандарды оқытуға арналған «Әдебиетті оқыту әдістемесі, тех­­нологиясы» атты екі оқулығы да жоғары және орта білім беру жү­­йесіндегі сабақтастықты да­мытуға өлшеусіз үлес қосты. Осы үшін республикамыздың бүкіл педагогы Қанипа мұғалімді «аға ұстаз», «ұстаздардың ұстазы» деп құрмет тұтты.

Парасатты педагогтың іс-тәжірибесі Шығыс Қазақстан мек­тептері мен жоғары оқу орындарында ғана емес, өзі тәжірибе алмасқан АҚШ, Моңғолия, Ре­сей, Қытай сияқты елдерде де са­рапшылардың сынынан сүрінбей өтті. Ол ұлттық педагогикамызды, қазақ әдебиетін әлемге танытты. Сол сапарлардан бірнеше ЖОО-ның құрметті профессоры, Аризона штаты Тусон қала­сы­ның құрметті азаматы, Моң­ғол Халық Республикасының «Даңқ­ты ұстазы» атақтарын алып қайтты. Оның оқулықтары мен оқу құралдары қазірге дейін Моң­ғолия, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресейдегі қазақ мек­тептерінде пайдаланылып келеді, еңбектері ЮНЕСКО көле­мінде танымал. Осының барлығы саналы өмірін халыққа қызмет етуге арнаған ардақты ұстаздың қайраткерлік қырларын айшықтай түседі.

Өткен ғасырдың 70 жылдары ғылым мен тәжірибені ұш­­­тас­тырып, үздік нәтижеге қол жет­кізген Ш.Амонашвили, Ю.Ба­банский, Ю.Львова, В.Ша­та­лов сынды әлемге белгілі орыс ға­лымдарымен тең ата­ның ұлындай пікірлескен Қа­ни­­па Омарғалиқызының еңбек­шілдігіне, қажыр-қайра­тына, ыждағатты ізденім­паз­дығы мен сүйікті ісім деген жан­кеш­тілігіне қалай таңғалмайсыз!?

Ш.Амонашвилидің дәстүрлі оқы­туды оқушылардың са­­налы түрде білім алатын ынталы ортасына айналдыру, Ю.Бабанскийдің оқу-тәрбие үдерісін оқушылардың мүм­кіндіктеріне сай жүргізу арқылы нәтижеге бағыттау сынды әдістерін ілгерілетіп, өзіндік философиялық қағидаларын не­гіздеді. Қ.Бітібаева оқушыларға ұсынған ой салу, ойлау, ойландыру, бір шешімге келу идеясын оқыту зертханасында терең зерделеп, өзіндік білім беру технологиясын түзді. Ой салу – ұстаздан, ойлану – шәкірттен, ойласу – оқушылардың ұжымдық шешім және жеке уәж айтуынан тұрады. Қазіргі таңда қолданылып жүрген балалардың функционалдық са­уат­тылығын қалыптастыру, дең­гейлік оқыту бағдарламалары, ондағы оқушыларды ынталандыру, жігерлендіру, өз-өзіне баға қою, баламен кері байланыс тә­сілдерін Қанипа апай сонау 1992 жылы пайдалана білген. Ұстаздың педагогикалық шығар­машылығы өзектілігін ешқашан жоғалтпайтыны сондықтан.

Қазір біз жапон білім беру стандарты, Британ мектебі, Еуропа, АҚШ әдістемесі дегенді жиі айтамыз. Осындай озық үлгілердің отандық білім беру жүйесіне енгізілгені қаншама. Бірақ ұлттық бірегейлігімізді бүтіндеп, біте қайнасып кеткені аз. Сырттан таңылған технологиялар, білім саласына сілкініс әкелгеннен бұрын, ұлттық танымымызға «төңкеріс» жасап жіберді. Ал Қ.Бітібаева ой­лап тапқан әдіс-тәсілдер «Сын тұрғысынан ойлау» немесе «Кем­бридж технологиясы» емес, ұлт­тық педагогикамызға негіз­делген тәуелсіз еліміздің төл технологиясы.

Қанипа ұстаздың үлкен арманы – ұлттық үлгіде білім беретін мектеп ашу болатын. Бұл еуро­палық дәстүрдегі мектеп емес, білім саласындағы әлемдік жетіс­тіктерді бойына сыйдырған, та­бал­­дырығынан бастап төріне дейін ұлттық салт-дәстүр, этнопедагогика рухы сіңірілген оқу ордасы болмақ-тын.

Биыл қадірлі Қанипа апайы­мыздың бұ дүниеден озғанына 6 жыл болады. «Кабинетіңе жүз компьютер, онлайн технология қойып қойсаң да, мұның бәрі мұғалімнің алтын басын алмас­тыра алмайды. Мұғалім – тұлға, мұғалім – білімнің көзі, мұғалім – тәрбиенің көзі» деген Хан апамыздың орнын кіммен алмастыра алармыз?!.

Орны бөлек озық ұстаз көзі тірісінде-ақ еңбегі еленіп, құр­­метке бөленді. «Хан апа», «Қа­­зақтың Қанипасы» атанды. Ұла­ғатты ұстаздың атында 19 атаулы республикалық ғылыми-әдістемелік зертхана жұ­мыс істеп тұр. Жыл сайын ұстаз­дың атында республикалық педагогикалық оқулар мен оқу­шылар арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен рес­публикалық олимпиадалар өтеді. Мазмұнды шаралар легі мұ­нымен іркіліп қалмайды деген үміт мол.

Өмірінің соңында жазған «Егіз өрім» атты кітабында Қанипа Омар­ғалиқызы 45 жылдық ұстаз­дық ғұмырын былай сипаттайды: «Таңымды «мектеп» деп атырып, түнімді «мектеп» деп батырып жүргенімде 45 жылдың қалай өткенін білмей де қалдым. 45 ми­нуттан 45 минутқа жалғасып жатқан ғұмыр кешіппін... 45 минут мені дәулет, байлық биігіне кө­термесе де, рухани байлық сый­лады, есімімді елге аңыз етіп таратты. Осы 45 жылда мен хал­қымның қазір өмірде жоқ асыл сөз иелерін тірілтуге, тірісін ұлық­тауға тер төктім».

Майталман мұғаліміміз ұлт мақтаныштарын ұлықтау жолында ащы терін аямай төгіп, көз майын тауысқаны рас. Ол ежелгі дәуір әдебиетінен бастап, қазіргі кезең әдебиетінің ірі өкілдері – И.Сапарбай, Иран-Ғайып, Н.Ора­залин, Т.Әбдікәкімов, Ұ.Ес­дәу­летов, Е.Раушанов сынды ақын­­­дардың шығармашылығын оқы­тудың оқу-әдістемелік бағдар­ламасын әзірледі. Ұлағатты ұс­таз­дың есімін ұлықтау, өш­кенін жан­дыру, мұрасын насихаттау жо­лында енді біз, тірілер, тер тө­гуіміз шарт.  

Биыл 1 мамырда Қанипа Бі­ті­­баеваның туғанына 75 жыл тол­мақ. Осы орайда Қанипа Омар­­­ға­­лиқызының атын ұлықтап, ең­бегін ел жадында мәңгілік сақ­тау мақсатында Өскемен қала­сы­ның көрнекті көшелерінің бі­ріне және облыстағы оқу орын­дарының бі­реуіне есімін беруді сұраймыз.

Қанипа ұстаз: «Мені ұстаз етіп қалыптастырған – шәкірттерім» депті бір сөзінде. Қазір ұстаздың авторлық сыныптарын бітірген шәкірттерінің 30-ы – ғылым кандидаты, 6-ауы – филология және педагогика ғылымдарының докторы, 70-ке жуығы – облыстық пән олимпиадаларының бас жүлдегері, 25-і – республикалық олим­пиа­далардың жүлдегері, апай­дың ақын шәкірттері респуб­ликалық, халықаралық мүшәй­ралардың жеңімпаздары, Халы­қаралық «Ша­быт» фестивалінің лауреаттары. Кемел ұлттың негі­зін осындай дарынды, білімді, мәдениетті ұрпақ қалып­тас­ты­рады десек, Қазақтың Қани­па­сының еліміздің дамуына қос­қан үлесі өлшеусіз.

 

Ұстаздың шәкірттері атынан

Айбек ОРАЛХАН,

Журналистер одағының мүшесі

 

ПАВЛОДАР