Руханият • 01 Мамыр, 2020

Сынақтарға сынбасымыз анық

108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сын сағатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәлімдеме жасап, індетке қарсы жасалып жатқан іс-әрекеттер мен карантиннің жаңа тәсілдері туралы атап өтті. Иә, қазір әлемнің барлық елі үшін оңай емес.

Сынақтарға сынбасымыз анық

Біз сақтық шараларын ұстанып қана бұл індеттен құтыла аламыз. Президент тапсырмасымен Қазақстан қауіпті вирусты дер кезінде ауыздықтауға шешім шығарғаны белгілі. Соның нәтижесінде біздің еліміздің індетке қарсы іс-қимылына сарапшылар оң бағасын берген екен.

Бұл туралы Мемлекет басшысы мәлім­деме­сінде: «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, халықаралық сарапшылар да Қазақстанның іс-қимылын оң бағалап отыр», деп атап өтті.

Дегенмен қауіпті вирусқа қарсы амал, әрекеттер әлі де жалғаса бермек. Дәл қазіргі сабыр мен төзімнің сынға түсетін шағында біз бірлік танытуымыз керек. Мемлекет тарапынан қазір барлық жағдай жасалып жатыр, күрделенген мәселелер көңілге қонымды шешімін тауып келеді.

Президенттің: «Тағы да қайталап айтамын: қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындыққа қалдырмайды», деп айтқаны халықтың еңсесін көтеретіні ақиқат. Сондықтан жалған сөзге еріп, байбалам салу қажет емес. Азық-түлік үшін алаңдаудың да қисыны жоқ.

Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Елімізде азық-түлік тапшылығы жоқ. Жергілікті билік органдары әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын бақылауда ұстап отыр», деп нақты айтты. Шағын және орта бизнеске, ірі компанияларға, індетпен бетпе-бет күресіп жүрген ақ халатты абзал жандарға қолдау көрсетілетінін де атап өтті. Біз кешегі Мемлекет басшысының маңызды мәлімдемесіндегі әрбір сөзге қосыламыз және толықтай қолдаймыз.

Сын сағатта бірге болсақ, сынақтарға сынбасымыз ақиқат. Халыққа рухани күш-қуат беру мақсатында мәдени мекемелер онлайн іс-шараларын қарқынды жүргізіп жатыр. Ең бастысы, бірлікте болайық. Бірлігі жарасқан Қазақстанның тірлігі де гүлдене беретініне сенеміз.

 

Ерлан ДӘКЕНОВ,

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры