Сақ жауынгерлері елдің шетіне жеткенде құлдан туған ұлдар қолдарына қару ұстап шығып, оларды елге кіргізбей соғыс салады. Айқас ұзаққа созылып, құлдарды жеңе алмаған сақтар кеңес құрады. Сонда бір данагөй қария: «Ей, сақ жауынгерлері, осы біз не істеп жүрміз? Біз өз құлдарымызбен соғысып жүрміз. Біздер қарумен соғысқандықтан олар өздерін тең санап, жеңіс бермей жүр. Бар қару-жарақтарыңызды тастап, оларға ұзын таспалы қамшы алып шығыңдар. Олар қамшы-бишіктің суылын естіп, өздерінің құл екенін есіне түсірсін» депті.
Сақтар бұл кеңесті мақұл көріп, таспалы қамшымен құлдарға қарсы шығады. Қамшының суылдаған ысылын естіген құлдар айқасты ұмытып, қандарына сіңген құлдығы оянып, бойларын үрей билеп, майдан даласын тастап, басы ауған жаққа қаша жөнелген екен.