Біздің ауылдың жылдағы жайлауы - Текелінің Ұзыноғы. Ұзыноқ деп отырғаным шамамен 15-20 шақырым ұзын шатқал. Шатқалдың жоғарғы тұйығынан етегіне дейін ауыл қонады. Ине шаншар орын болмайтын. Кейде бірін-бірі етектей қонған екі үй арасында ұрыс-жанжал да шығып жатады. Айтатындары – кешкі малдың өрісі тарылады, қозы-лаққа жайылым қалмайды.
Расында бір-бірі алқалай қонған малшы ауылда береке болмайды. Әсіресе, кешке мал сауатын мезгілден қораға иіретін ымырт уақытына дейін қойшы балалардың жанына тыныштық жоқ. Себебі, кешкісін қораға қарай беттеген екі ауылдың малы үй маңына сыйыспайды. Малдың шеті ілінеді бір-біріне. Содан кейін қотан ішіндегі қошқар-теке жүгіріседі. Я болмаса енесінен адасқан қозы-лақ қашады...
Жайлауда ел көп болған жылдары өрісті жаздың соңына жетпей ерте мүжіп тастайды. Жауын болмаған жылы жайылым ерте қуаң тартып, ұсақ малдың дәл тойынатын уақытында тықырлайды да қалады. Мұндай кезде көп малшы түлігін мал аяғы жетпейтін биік жонға отарлатып әкетеді. Біз де ел қатарлы жаз ортасында Делун кезеңін асырып, жусанына тіс тимеген құйқалы жерге қос тігетінбіз.
Ауыл етекте қалады. Бір-екі адам түйеге басын буып тігетін шағын қара қосты, қазан-ошақты, киім-кешекті артып алып, бар малды айдап, төр жайлауға қарай ырғаламыз. Жылына бір рет төр жайлауға бару – мен үшін жұмақтың қақ төріне шығумен бірдей. Көбінде ол жаққа атам екеуіміз барамыз.
Сол жылы жазда мініс атымызды бекітіп, малды қораға иіріп, үйге кіргенде қою қараңғылықпен бірге қара қожыр бұлттар да төніп келе жатты. Содан кейін қара қостың сыртын сытырлатып, жаңбыр тамшылай бастады. Қос болғанда немене жөні дұрыс дейсіз, белдеуге байлаған атымыз сүйкеніп қалса қиқаң ете түседі. Тіпті, қаттырақ жел соғып, құйын ұйтқыса шипасы бітті дей беріңіз.
Қос жабдығы жылда түйеге теңдей бергендіктен уықтары майысып, керегелері қақырап кеткен. Түн қараңғылығы түскенде әне жер, міне жерінен ай сығалап, жұлдыздар жымыңдап тұратын саңылаулары болады.
Таңға жақын уақыт болса керек, күннің қатты күркірегенінен ояндым. Жаңбыр нөсерлеп құйып тұр. Қостың саңылауынан қара бұлтты қақ жарып тілген найзағай жарқылы білінеді. Атам болса менің айналамда бүкшеңдеп бірдеңе істеп жүр. Күн күркіреген сайын «суханалла, суханалла» деп күбірлейді. Сөйтсем, мен әдемі ұйқыда жатқан кезде қостың ішіне су кірген екен. Атам маған су тимес үшін ыдыстың қақпағы, қамшы, оқтау сынды үйде бар заттың бəрін уықтың қарынына қыстырып, суды басқа жаққа қарай ағызып қойыпты. Мен жатқан жер ғана жұмыртқаның ұясындай құрғақ. Төбеден сорғалаған су сылдырлап іргеден сыртқа қарай ағып жатыр. Атамның үсті-басы малмандай. Оған қарап жүрген ол жоқ. Бар амал-айласы маған су тигізбеу. Тура балапанын қанатымен қорғаштаған қарлығаштың әрекеті дерсің. Кейін біз де етек-жеңімізді жинап, сол ұядан ұштық да жан-жаққа кеттік. Бірақ, қанша қалықтасақ та атамның қамқор қанаты төбеде керіліп тұрғандай сезіледі. Ол – үлкендердің біз үшін жасаған дұғасы мен тілегі секілді...
Бүгінде сол жұмыр жердің жұмағындай Делун жайлауына қысы-жазы мал тұяғы тимейді. Баяғыдай Ұзыноқтың тұйығына таласа көшіп, жайлайтын ел де жоқ деп естимін. Алаңсыз балалығым қалған жұрт бос қалғанын ойласам біртүрлі құлазып кетемін.
Тілеуберді Сахаба