Аймақтар • 01 Мамыр, 2020

Түркістан: Шаруалардың өнімін сатуға дистрибьютор көмектеседі

338 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының диқандарына еліміздегі төтенше жағдай кері әсерін тигізіп отырғаны мәлім. Өнімін өткізе алмай отырған шаруалардың жанайқайын жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Премьер-министрге жеткізген де болатын. Мысалы, Мақтаарал ауданының диқандары биыл 351,5 гектар жерге қырыққабат егіп, қазірдің өзінде 3584 тонна өнім жинаған. Алайда, күллі әлем халқын үйінен шығармай қойған пандемия қырыққабат өнімінің сатылуына кедергі жасап, нарықтағы бағасын күрт төмендетіп жіберді.

Түркістан: Шаруалардың өнімін сатуға дистрибьютор көмектеседі

Бұған дейін шаруаларға еліміздегі блок-бекеттерден кедергісіз өту үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан барлық облыстармен меморандум түзіліп, «Біз біргеміз!» логотипін жапсырып алу арқылы өту мүмкіндігі жасалған еді. Енді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Мақтаарал ауданында қырыққабат өнімін өткізу бойынша арнайы дистрибьютор тағайындалып, шаруалардың өнімін сатуға көмек берілетін болды.  Аудан әкімі Бақыт Асанов қырыққабат еккен шаруаларға өнімін өткізу бойынша дистрибьютор болып тағайындалған жеке кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Берік Шәмпиевті таныстырды.

«Егер, сіздің еккен қырыққабатыңыз пісіп дайын болса, алайда өніміңізді сату бойынша мәселе туындап жатса, ауданымыздың дистрибьюторы Берік Шәмпиевке хабарласуға болады. Өніміңізді экспорттау немесе басқа облыстарға алып барып сату үшін құжаттарды дайындауға көмектесіп, жүк көліктерін тауып беруге мүмкіндіктер жасайтын болады», деді Бақыт Асанов.

 

 

Түркістан облысы