20 Қыркүйек, 2013

«Андидің» адымы

373 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кешегі сан қуалаған кеңестік жүйе келмеске кетті. Енді қай салада да сапаға басымдық беріліп, тиімділікке негізделетін нарықтық қатынасқа дағдылана бастадық. Міне, бұл ауыл шаруашылығында жаңаша жұмыс істеу қажеттігін алға тартуда. Соңғы жылдары өзіміздегі өнімділігі төмен малды Еуропа мен Америкадан жеткізілген асыл тұқымды малмен алмастыруға бағыт ұсталуда.

Кешегі сан қуалаған кеңестік жүйе келмеске кетті. Енді қай салада да сапаға басымдық беріліп, тиімділікке негізделетін нарықтық қатынасқа дағдылана бастадық. Міне, бұл ауыл шаруашылығында жаңаша жұмыс істеу қажеттігін алға тартуда. Соңғы жылдары өзіміздегі өнімділігі төмен малды Еуропа мен Америкадан жеткізілген асыл тұқымды малмен алмастыруға бағыт ұсталуда.Біздің облыста күні кешеге дейін «Айс» ЖШС-нің тауарлы сүт фермасы голштин-фриз тұқымды өнімділігі жоғары сиырларын әкелсе, «Ак-Теп» ЖШС еттік бағыттағы ангус және герефорд асыл тұқымды ірі қара өсіруді бастаған болатын. Енді олардың қатарын «Анди» ЖШС-ы толықтырып отыр. Серкітестік таңдаған сүттік бағыттағы голштин-фриз тұқымды 474 қашар алыстағы Американың Айдахо штатынан теңіз арқылы кемемен Ресейге жеткізіліп, одан осында автокөлікпен әкелініп отыр. Қазір мұхит асып келген сиырлар «Анди» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қорасында карантиндік кезеңнен өтуде.

Темір-бетон бұйымдарын шыға­ратын зауыттың бұрынғы қосалқы шаруашылығының ізінде құрылған бұл серіктестік қала маңындағы №39 темір жол бекеті аумағында орналасқан. Серіктестік басшысы Мәди Қабақбаевтың әңгімесіне қарағанда, бұл серіктестік 1998 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Бұған дейін зауыттың қосалқы шаруашылығында біраз мал өсіріліп, өнімдері қала халқына ұсынылған. Алайда, олардың бәрі де өнімділігі төмен жергілікті малдың тұқымы болатын. Бұлай нарықтық қатынас жағдайында бәсекелестікке төтеп бермек түгілі, табыс табудың өзі мүмкін еместігін байқаған шаруа­шылық құрылтайшылары мен басшылары мал тұқымын жақсартуға бағыт ұстанды, Елбасының ауылша­руашылық кешендерін дамыту ту­ралы тапсырмалары аясында жаңа жобаны жүзеге асыруға қа­дам жасады. Сөйтіп, 2011 жылы серіктестік қолға алған бұл жоба еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енді. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қаржыландыруы арқы­лы шетелден жеткізілетін сиырлар үшін жобалық қуаттылығы 500 ірі қара тұратын тауарлы-сүт фермасын салды. Қазіргі заманғы талапқа сай жабдықтар орнатып, іске қосты. Осы шаруалар аяқталған соң, асыл тұқымды сауын сиырлар алудың қамына кірісті. Бұл жолы да «ҚазАгроҚаржы» АҚ көмекке келді. Американың Айдахо штатынан асыл тұқымды голштин-фриз сүтті сиырын сатып алуға несие бөлді. Жобаның құны 1079,4 мың теңге тұрады. Соның 916,5 миллион теңгесін «ҚазАгроҚаржы» АҚ несиелеп отыр. Қалған қаржыны құрылтайшының өзі салды.

Мұхиттың арғы жағынан келген сиырлар шынында да ерекше. Арса сүйекті, тоқал мүйіз, шолақ құйрық сиырлар тым ірі көрінеді. Салмағы 400 килограмның үстінде. Бұл құнажын күйіндегісі. Жыл өткен сайын салмақты бола түсетіні әлден-ақ аңғарылады. Өздері аулада бос ұсталады. Әр сиырдың екі құлағында ұзақ санды цифрлар жазылған бірнеше сырға. Мамандардың айтуынша, ол сырғалар арқылы компьютерден әр сиырдың тарихын, мәліметін білуге болады.

– Мұндай малды алғандағы мақсатымыздың өзі сүт өндіруде әлемдік бәсекелестікке дайын болу ғой. Бұл аталған мал тұқымның дүние жүзінде сүт өндіру жөнінде генетикалық қуаты өте жоғары. Бір сиыр жылына 7 мың литрге дейін сүт береді. Мұның бәрі сол жақта қолдан ұрықтандырылған буаз құнажын сиырлар. Амандық болса, қараша айынан бастап төлдейді. Қазір карантиндік кезеңді өткізуде. Барлық жағдай жасалып, күтіліп-бағылуда. Бір бас малдың бағасы 4400 АҚШ доллары тұрады, – дейді серіктестік директоры Мәди Қабақбаев.

Мамандардың көрсеткеніндей, малды жайлау, сауу автоматты түрде атқарылады. Қазір жаңадан жұмысшылар алынып жатыр. Мұнда 37 адам жұмыс істемек. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Бір мезетте 28 сиыр автоматпен сауылатын орында ауысымына екі сауыншы жұмыс атқаратын болады. Бұл облыстағ ы екінші ірі тауарлы-сүт фермасы болады. Бұл тауарлы-сүт фермасының іске қосылуы облысқа жылына қосымша 3500 тонна сүт өнімдерін алуға мүмкіндік береді.

Шетелдік мал біздің өңірге жақсы үйреніп, бейімделіп жатыр. Себебі, бұл малдар бағылған жердің ауа райымен біздің өңірдің ауа райы, климат жағдайы біркелкі үйлеседі. Шетелдік малды азықтандыру мәселесі де барынша дұрыс шешілуде. Шаруашылықтың күшімен жүгері, судан шөбі беріледі. Құнарлы жеммен азықтандырылады.

Серіктестік басшысының мәлім­деуін­ше, бастапқы кезде мұнда өндірілген сүт қаладағы өңдеу кәсіп­орына тапсырылады. Алайда, мұнда болашақта сүт өнімдерін шығаратын цех салу да ойластырылуда екен.

Серіктестік болашақта осында ұсталатын мал санын 1000 басқа дейін жеткізбекші. Рас, ол үшін мал азығын дайындау мәселесі көлденеңдейді. Тауарлы-сүт фермасының маңындағы жердің барлығы шаруа қожалықтары үлесіне берілген. Сондықтан серік­тес­тік суармалы жерді игеруді қол­ға алмақшы. Шаруашылық басшыла­рының 500 гектарға жүгері, 200 гектарға судан шөбін суармада өсіру жоспары бар. Сондай-ақ, 300 гектар суармаға сұлы егу де көзделуде.

– «ҚазАгроҚаржы» жүйесі бойынша тауарлы-сүт фермаларының желісін құру және қолданыстағыларын дамыту инвестициялық бағыты шең­берінде елеулі жұмыстар жүргізілуде. Қазір осы тауарлы-сүт фермаларын құру бойынша 16 ірі шаруашылық қаржыландырылып, іске қосылды. Тек 2007-2013 жылдар аралығында «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы Қазақстан Республикасына сүт бағытындағы 7 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара жеткізілді. 2013 жылы 8,1 миллиард теңге көлемінде 7 тауарлы-сүт фермасын іске қосу жобаланып отыр, – дейді «ҚазАгроҚаржы» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Қорған Нұртазин.

«Анди» ЖШС тауарлы-сүт фер­масындағы асыл тұқымды сиырлардан алынған бұзаулармен бастапқыда өз табындарын толықты­рып, ірі қара санын 1мың басқа жеткізу көзделуде. Содан кейін асыл тұқымды ірі қараны басқа шаруашылықтарға өткізу жос­парлануда. Серіктестікте атқарылып жатқан зоотехникалық-малдәрігерлік жұмыстардың ауқымы, еңбек үдерісін   ұйымдастырудағы ыждағаттылық бұл ойдың жүзеге асатынына сендіреді.

Ақтөбе облысы.


Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

 

Соңғы жаңалықтар