Аймақтар • 02 Мамыр, 2020

Түркістан: Мақтаарал ауданында елді мекендер тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілуде

1092 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өзбекстан Республикасының Сырдария облысында орналасқан «Сардоба» су қоймасы дамбасының бұзылуы Түркістан облысы өңірінің тұрғындарына да залалын тигізуде.

Түркістан: Мақтаарал ауданында елді мекендер тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілуде

Бүгін, яғни 2 мамыр, сағат таңғы 4.30 кезінде Мақтаарал ауданының шекарасында өткізу қуаты секундына 120 текше метр болатын «Центральный голодностепный Коллектор (ЦГК)» арнасында су ағыны орын алып, Жеңіс, Жаңа Тұрмыс ауылдарында су деңгейі көтерілді. Облыстық маңызы бар Мырзакент-Жеңіс-Жаңа Тұрмыс авомобиль жолын су алып кетуі салдарынан көліктер жүре алмауда. Қазіргі таңда апатты-құтқару жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ Мырзакент, Фердоуси, Атакент кентіне қарасты Жантақсай елді мекендері тұрғындарын эвакуациялау мәселесі қарастырылуда. Айта кетелік, Мырзакент пен Атакен елді мекендерінің ара қашықтығы - 35 шақырым. Мырзакент елді мекенінде 2848 үй, 14 532 адам, Фердоуси елді мекенінде 314 үй, 2377 адам тұрады. Ал Жантақсай елді мекенінде 95 үй, 700 тұрғын бар.

5

Апатты-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы Төтенше жағдай департаменті жеке құрамынан 138 адам, 8 техника, Шымкент қаласы «ОСО» ММ 5 адам, 2 дана қайық, 1 техника, Шымкент қаласы ТЖД-нен 2 дана вахталық автобусы, жеке құрамнан 12 маман, 4 дана МП-100 мотопомпасы, 2 үрленбелі қайық, 10 Л-1 жиынтығы (сүңгуірлер киімі) жұмылдырылған. Сондай-ақ Ұлттық гвардияның 6506 бөлімшесінен 300 адам мен тиісті техникалар, аудандық полиция бөлімінің 7 техникасы мен 70 қызметкері, жергілікті атқарушы органнан 40 қызметкер, 5 техника тартылды.

Өзбекстан Республикасы ТЖМ шұғыл мәліметіне сәйкес, 1 мамыр 20:15 шамасында «Сардоба» су қоймасы Қазақстан Республикасы аумағына су ағызуды тоқтатқан. Мақтаарал ауданы әкімдігі шұғыл штаб құрып, тиісті жұмыстарды атқаруда. Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жаңа тұрмыс елді мекені, Жаңа жол ауылдық округіне қарасты Жеңіс, Нұрлы жол елді мекендеріне су басу қаупі туындап, тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуциялау үшін аудан орталығы Мырзакент кентінде орналасқан 4 мектепте барлығы 2200 рын дайындалды.

Мақтаарал ауданының әкімі, аудандық төтенше жағдай штабының төрағасы Бақыт Асановтың төрағалығымен 2-мамыр күні түнгі 00:00-де штаб мүшелерімен арнайы жиын өтіп, төтенше жағдай жариялауға тапсырма берілді. Қазіргі таңда Жаңажол ауылдық округіне қарасты Жеңіс елді мекенінің тұрғындарын (1922 тұрғын) қауіпсіз жерге жаппай көшіру жүргізілуде.

8

Айта кетейік, мамандардың айтуынша, жоғарыда аталған 3 елді мекеннен басқа кенттер мен елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Сондай-ақ Мақтааралға көрші Жетісай ауданы әкімінің мәлімдеуінше, ауданға келер қауіп - қатер жоқ.