Қоғам • 02 Мамыр, 2020

Студенттерге арналған саяси мектеп басталды

397 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің саясаттану кафедрасы студенттерге арналған он күндік көктемгі онлайн мектеп ұйымдастырып жатыр. 

Студенттерге арналған саяси мектеп басталды

«Академиялық жазу және қолданбалы саясаттану» атты халықаралық көктемгі мектеп журналистика және саясаттану факультетінің құрылғанына он жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Шара жас ізденушілер мен білім алушыларға саяси ғылымдағы академиялық, қолданбалы, тәжірибелік дағдыларды меңгеруді, инновациялық цифрлық технологиялар мен заманауи ғылыми зерттеу әдістерін үйретуді көздейді.

Он күн бойы студенттер пайдалы дәрістер тыңдап, тәжірибелі мамандардан болашақ мамандығына қатысты кеңес алады. Спикерлер ішінде депутат Меруерт Казбекова, Серік Сапиев және басқа да белгілі саясаттанушылар мен журналистер бар.

Алғашқы күні шара қонағы Нұр-Сұлтан қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек мемлекеттік жастар саясатын жүргізудегі жобалық менеджмент тақырыбында кездесу өткізді.  

Көктемгі мектепке әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейлерінің білім алушылары мен саясаттануға қызығатын жоғары сынып мектеп оқушылары да қатысып жатыр.