Руханият • 03 Мамыр, 2020

Пайғамбардың батасы дарыған сахаба

1198 реткөрсетілді

Керекулік молда атамыз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 1911 жылдары жазылған «Қазақ шежіресі» еңбегі бар.

Сол кітапта: «Бұл қазақтан үшінші жолы қажыға барғандар тобықты Құнанбай, айдобол Қыстаубай, Есіл бойынан құлан қыпшақ Шонтыбай... бастаған орта жүзден жиырма кісі, кіші жүзден Нұрпейіс хазірет, Досжан халфе бастаған жүз кісі қажыға барды. Олар көзге түсерлік қасқа-жайсаң болғандықтан таңырқарлық болыпты. Қазақ байғұстың салпиған тұмағының құлағы, сүйретілген тонының етегін, аңқиған аузын көргендер сұқтана бастайды. Оларға ноғай мен сарт өкілі таласыпты. Ол кезде Мекке бастығын шәріп, Медина бастығын шайқы дейді екен. Екі қаланың шәріп-шайқысы бас қосып, қазақтардан сұрапты:

– Сіздер маскүпсыздар (масхаб) ма, әлде Бұқар тілсіздер ме? Сонда Құнанбай қажы: «Біз маскүп-саскүбіңді білмейміз, Бұқар тіліңді де білмейміз қазақпыз» дейді. Басқалар «қазақ» деген де жұрт болады екен-ау деп аң-таң қалысыпты. Бір бурыл бас сөйлепті: Бұлардың тарих табылса Бағдат шәріпте Имам ағзам кітапхана үйі бар. Сол жерден табылады.

Содан Бағдатқа шәріп желмая міңгізіп, кісі жіберіпті. Қазақтар өз ортасынан Досжан халпені жіберіпті. Барған кісілер: Табылды, бұлар қазақ деген жұрт екен. Әнес сахабадан өсіп-өніп өрбіген екен деп, нұсқа көшіріп алып келіпті» деп жазған.

Осындағы Әнес сахаба кім? Бұл кісінің толық есімі – Әбу хамза Әнес ибн Мәлік әл-Хазражи. Шамамен 612 жылдары Медина қаласында туған. Пайғамбарымыз Меккеден Мединаға хижра жасап (көшкіп) келгенде 10 жастағы бала екен. Әкесі ерте дүние салған. Анасының аты – Ума Сүлейм. Осы кісі Мұхаммед с.ғ.с Мединаға келгенде жалғыз ұлы Әнесті жетектеп алып келіп: «Уа, Алланың елшісі сізге деген құрметім шексіз. Өзіңізге ұсынатын сыйлығым да жоқ. Кедей жесір анамын. Хазіреті мына жалғыз ұлымды қабыл алыңыз, бұдан былай сіздің қызметшіңіз болсын!» дейді. Алла елшісі «мақұл» дейді.

Осылай 10 жасар бала Алла елшісі дүниеден өткенге дейінгі 10 жылда оның қасынан бір елі кетпей қызмет жасайды, тәрбиесін көреді. Баланың адалдағына риза болған пайғамбар оған «ризығың мол болсын, жасың ұзақ болсын, ұрпағың көп болсын» деп бата берген екен.

Бата дарып жарықтық Әнес атамыз Мединедегі ең бай адамдардың бірі болумен қатар, 102 жасқа жетіп өмірден өтіпті. 100 жасқа толған кезінде өзіне қарасты үрім-бұтағын бастап Меккеге қажылық жасаған екен, ұрпағының саны  300 адамды құрапты.

Әнес ибн Мәлік пайғамбардан кейінгі 80 жыл ғұмырында ең көп хадис жеткізген үш сахабаның бірі болды. Жарықтық өмір бойы екі уағыз айтады екен. Біріншісі Алланың елшісін алғаш көргендегі шексіз әсері, екінші – ол дүниеден өткен кездегі күрсінген күңіренісі.

Жоғарыдағы жазбада Машһүр Жүсіп атамыз Құнанбайлар 1872 жылы қажылыққа барған дейді. Осы орайда, Әнес сахаба  араб жұртынан, ал қазақ түркі тұқымнан. Қалай оның ұрпағы болады деген сұрақ тумай ма? Бұл жерде генетикалық туыстық айтылып тұрған жоқ, қазақ халқының ислам жолындағы бағыт-бағдары меңзеліп тұр. Яғни, жоғарыдағы сөз ұлы далаға дін таратуға келген тұлғалардың дені Әнес ибн Мәліктің шәкірттері һәм осы мектептің өкілдері болғандықтан «қазақтар аталмыш сахабаның ілімін ұстанушы жұрт» деген пайым тұрғысынан айтылса керек.

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар