Аймақтар • 03 Мамыр, 2020

Павлодарда оқушы қызды соққыға жыққандар қамауға алынды

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодарда бір топ қыз кәмелеттік жасқа толмаған танысын ұрып кеткен. Бүгін Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында төбелеске қатысы бар 7 бойжеткенге қатысты үкім шықты. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Павлодарда оқушы қызды соққыға жыққандар қамауға алынды

«28 сәуір күні бұрын таныс болған қыздар арасында келіспеушілік болған. Төбелестің себебі – зардап шеккен қыз таныс қызға спорттық киімін қайтармай қойған. Сондай-ақ, тірек пунктінде алкогольді ішімдік ішкені үшін бес қызға қатысты әкімшілік жаза қолданылады. Олардың бәрі 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, 3 мамыр күні Павлодар қаласындағы мамандандырылған әкімшілік сотта төбелеске қатысқан 7 қызға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434 (ұсақ бұзақылық) және 476-баптары (төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша сот болды. Сонымен қатар, төбелеске қатысқан бір қыз осы екі баптан бөлек ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 478-бабы (төтенше жағдай режимі тәртібін бұзуға итермелеу әрекеті) бойынша іс қозғалды.

Павлодар облыстық Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, төбелеске қатысқандардың бәрі 5, 10, 15 тәулікке қамауға алынған. «Төбелеске қатысқандардың екеуінде кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар, сол себепті олардың жазасы жеңілдетіліп, біріне 15 АЕК, екіншісіне 10 АЕК көлемінде айыппұл жазылды. Олар әкімшілік жазадан бөлек, ішкі істер органдарына «бұзақы төбелескіш» ретінде есепке алынды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ төбелеске қатысушылардың бәріне қатысты ҚР ҚК-нің 389-бабы, 3-бөлімі (озбырлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталды.

«Барлық қыз лайықты жазасын алады. Тергеушілер қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қажетті материалдар жиналды. Олардың қаншалықты деңгейде кінәлі екендерін сот шешеді», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.