Аймақтар • 03 Мамыр, 2020

Этномәдени орталықтар көтеріңкі көңіл-күй туғызды

162 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай «СҚО-ның полициясында 19 ұлттың өкілдері қызмет етеді» деген хабарды бізге қуанышпен жеткізді.

Этномәдени орталықтар көтеріңкі көңіл-күй туғызды

Әрине, полиция құрамында қазақпен бірге көп этнос өкілдері болып, олардың бәрі Қазақстан Республикасына татулықпен, бірлікпен адал қызмет етіп жатқандары көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ Қазақстанда бір-ақ - Қазақ ұлты бар екендігін, қалған жұрт басқа этностардың өкілдері екенін айыра жазу керектігін өзгелермен қатар полиция қызметіне де білу шарт екенін ұмытпаған жөн. Қазақстан азаматтарының бәрі теңқұқықты, бәрі де бірігіп, еліміздің біртұтас халқын құрайды. Сондықтан да 1 мамырды Қазақстан халықтарының емес, Қазақстан халқының бірлігі күні деп атаймыз. Біз бір халықпыз, алайда Ұлт дегенде қазақтан басқаларды өзге этностардың өкілдері деп атау қажеттігін әрқашан ескерген дұрыс. Сонымен бірге мұндайда кеңестік, жауырды жаба тоқыған, қолдан жасалған «интернационалдық достық» дегенді де  тықпалаудың жөні жоқ.

Баспасөз қызметінің хабарына қарағанда СҚО Қызылжар ауданының Соколовка кентінің полиция бөлімінде әзербайжан этносының өкілі, полиция майоры Эльдар Аллахверановтың басқаруында қазақтан басқа 14 этностың өкілдері қызмет етеді екен. «Ұжымдағы достық қарым-қатынасты жергілікті тұрғындардың пікірлері куәлендіреді, олар полицейлердің кәсібилігіне жиі ризашылықтарын білдіреді», дейді баспасөз қызметі. Ал Э.Аллахверановтың өзі болса: «Әрқайсысымыздың атымызға тұрғындар тарапынан айтылған алғыс сөздерді естігенге қатты қуанамыз. Бұлар құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін өте маңызды, өйткені ол біздің жұмысымыздың ең басты бағасы», дейді.  

Бұрын аудан орталығы болған Соколовка кентіндегі осы полиция бөлімінің қызметкерлері 9 ауылдық округтен тұратын 34 елдімекенге қызмет етеді. Карантин жағдайында ауыл тұрғындарының Петропавл қаласымен қатынасы үзіліп қалды. Күнделікті көптеген мәселелерді шешуге қолайсыздықтар туды. Осындайда полиция қызметкерлері тұрғындарға қолдан келген көмектерін жасап тұрған.

«Бірлік, достық - бұл біздің Қазақстан халқының басты байлығы. Біз, оны қазір төтенше жағдай режімінде жұмыс істеп жүргенде де сезіндік. Біздің басты міндетіміз - заңдылықты қамтамасыз ету ғана емес, сонымен бірге халыққа көмек көрсету», - дейді СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев.

Ал 1 мамыр күні Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы блок-бекеттерге аудандық этномәдени орталықтардың өкілдері ұлттық тағамдардан дәм татқызған екен. Бұл - блок-бекеттердегі кезекшілікте тұрған полицейлер мен дәрігерлер үшін өте маңызды мерекелік көңіл-күй туғызған.