Қоғам • 04 Мамыр, 2020

100 мың автокөлік шығарылады

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр Қазақстанда автомобиль өнеркәсібінде 359,5 млрд теңгеге 50 447 дана көлік құралы шығарылып, нақ­ты көлем индексі 162,5% құра­ды. Барлық жаңа техниканың жар­тысы ең ірі автокөндіруші «Сары­ар­қа­АвтоӨнеркәсіп» кәсіпорнында шығарылды.

100 мың автокөлік шығарылады

Өткен жылы Қостанай зауыты өндірісті екі есеге арттырып, 25 802 дана жеңіл, жүк көлігі мен автобустар шығарды. Ал биыл өндіріс көлемін 51 400 бірлікке дейін жеткізуді жос­парлап отыр. Өнімділік өлшемі бойынша қазақстандық «АЗИЯ АВТО» автоқұрастыру зауыты да көшбасшыға айналды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша зауытта 20 мың арнаулы техника шығарылды. Биылғы жоспар бо­йынша кәсіпорында 44 мың техника шығарылуы тиіс.

Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау секторында 2018 жылдан бастап өндіріс өсімі байқалады. Оған өнімді өткізу кезінде қосымша құн салығын төлеуден босату сияқты мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті. Өткен жылы 41,2 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы машиналары жасалып, өсім 144%-ды құрады. Отандық өндіріс техникасы егін жинау науқаны барысында жоғары сұранысқа ие болып отыр. Оның өнімділігі, тораптары мен агрегаттарының сапасына механизаторлардың айтатын шағымы жоқ. Мысалы, былтыр ауыл шаруашылығы маши­наларын жасау саласында 1200-ден аса трактор шыға­рылды. Қостанайдағы ауыл­шаруашылық техникасын өнді­ру­ші «Агромашхолдинг KZ» 130-дан астам Lovol тракторын және 355 Essil комбайнын шы­ғарды. 2020 жылдың І тоқсанында кәсіпорын 62 трактор және ­­­­20 комбайн өндірді.

Сондай-ақ қазіргі уақытта теміржол машина жасау клас­те­рі белсенді дамып келеді. За­уыт­тарда шығарылатын өнім желісін жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде «Тұлпар-Тальго» ЖШС зауытында былтыр 91 жолаушы вагоны өндірілді. «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ ТЭ33А сериялы 11 магистральдық тепловоз шығарды.

Жалпы, биыл автоөнеркәсіп өнімінің жалпы көлемін 100 мың техникаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Оның 10-15 мыңы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Әзербайжан және басқа елдерге экспортталмақ. Бүгінде автомобиль саласын да­мы­ту мүмкіндіктері өте мол. 2019 жылы маусым айында маши­на жасауды дамыту жөніндегі 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Бұл машина жасаудың барлық кіші салаларын және қолдау шаралары жөніндегі іс-шаралар кешенін – салықтық преференциялар, қаржылық және шикізаттық қолдау, білікті кадрлармен қамтамасыз ету және тағы басқаны қамтиды.