Қоғам • 04 Мамыр, 2020

Нан қымбаттаса...

704 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нарықта нанның құны – 100 теңге. Көп ақша емес әрине, бірақ күндігіне есептесек, әрбір отбасыға кем дегенде 2 не 3 бөлке кетеді. Ас атасынсыз дастарқанның көркі кірмесі анық. Әмсе, тойымды тамақ. Осы бір тәтті өнімнің бүгінде дүкендерде аса бір сұранысқа ие болғанына таңғаласың. Оны қыз-келіншектердің еріншектігіне жорисың ба? Жоқ әлде уақытты ықшамдап, жеңіл жолмен сатып алған тиімді ме? Кім білсін, әйтеуір артық ашытқы арқылы көтерілген нанға бәрі зәру.

Нан қымбаттаса...

Азық-түлік бағасының шарықтап бара жатқанына алаңдаулы халық нан құнының өскеніне де бір даурығып басылған болатын. Алқап-алқап бидайға толған шалқар даламыз бар, осы бізге не жетпейді деп күр­сі­несің... Нұр-Сұлтан қалалық инвес­ти­циялар және кәсіпкерлікті дамыту департаментінің басшысы Ерлан Бекмұрзаев: «Қазірдің өзінде бірнеше сауда орталығы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өз бағасымен сатуда. Бұл – «Кеңмарт» және «Магнум». Ұн да жеткілікті мөлшерде сатып алынды. Осыған байланысты қаладағы бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан бағасы 90-95 теңгеден аспайтын болады» деп, әлеуметтік желіде айқай тудырған мәселеге нүкте қойды. Бұл мәлімдемеден кейін үйдегі қыз-келіншектердің көңілі орнына түсіп, карантин уақытында етер ермегінің азайғанына мәз болысқан. «Дүкенге барар сылтаудың табылғаны мұнша жақсы болар ма?!».

Қала мәдениетінің ауылға қара­ған­да қалып-кескіні мүлде өзгеше. Уақыт есептеулі, әр адым санаулы. Алып-ұшқан көліктер, асыққан адамдардың шоғыры. Қайда бара жатыр? Қайдан келе жатыр? Белгісіз. Шұғыл да шапшаң. Оларға өмір сонысымен қызық та сияқты. Етек басты тірлік еркіне жібер­мей­ді. Үйдегі жұмысқа қабілетті адам­дардың бә­рі­нің қолы бос емес. Жұмыс­бас­ты­лық қолы қалт босаған пен­денің келесі күнгі жоспарына да кесе-көлденең тұрады. Осы тұста әйел затын ақтап алуға болады-ақ. Оған себеп те аз емес. Әйтсе де, әттеген-ай дейтін тұсымыз осы болып отыр емес пе?!

Карантин кезіндегі бас қаладағы шағын сюжет көз алдымызға үлкен өзгерістің шет жағасын шығарғандай болды. Гәп, атар таң мен батар күн­нің қысқалығында деп заманның құ­был­ғанын қуалап, кінәні өзгеге итере салуға болады, әрине. Әңгіменің төркіні – наубайхана іздеген әйел затының әнтек қылығы. Дүкеннен дүкенге ауысып, кезектен кезек күтіп бір бөлке нан үшін көше кезген келіншектердің әрекеті көңілге көлеңке ұялатады. Бір таба нан үшін...

Қаладағы қарашаның жұмысы қауырттығын мегзеп, сылап-сипап өтіп кетуге болады делік, ал ауылдағы ағайынды қалай ақтап аламыз!? Осы турасында бір оқиғаның еске түсіп тұрғаны.

Таксиде үш әйел отыр. Үшеуі де кескен шөркедей келтек, үйген томардай бір-бір дүние. Қалаға емес. Ауылға кетіп барамыз. Айтыстарына қарағанда, баға өсіпті. Алты қырдың астында қыспен бірге боз қырау болып қалың қиыншылықтың сұп-суық сұлбасы жатты. Қалыс отырған біреуі санап көрді. Бәрі де бұл отырған үшеуінің қалтасына оңай салмақ салмайтын көрінеді. Күйеулерінің тапқаны несие төлеуге кетіп жатқанын айтуды да ұмытпайды. «Ең қиыны – нан қымбаттайды екен» дейді.

Өз құлағыма өзім сенбеймін. Ұн емес, нан қымбаттапты. Әлгі тәтелерім қалада тұрып бұлай айтса, «жөн ғой, жөн» деп құптар ма едік, құптамас па едік, кім біліпті?! Бірақ, ауылда ауқаты байланған шаруа әйелі үшін нанның қымбаттағаны қиыншылық болмау керек еді ғой. Қол-аяғы келсаптай, сап-сау адам үшін үйінде нанның иісі бұрқыраса, көшедегі бөлкенің үйге баға сүйреп келмесі анық емес пе? Ал ұн қымбаттаса, оның жайы бір бөлек. Көппен көрген ұлы тойдың кебін киіп, бұл өтпелі кезеңнен де көзді жұмып өте шығар болар.

Нанның иісі – балалығымның иісі секілді. Тезек теріп, таба нан жапқан әжемнің сұлбасы келеді көз алдыма. Қазан-ошақты қарауылдап жүрген қарадомалақтар ыстық күлшені сол қал­пында асқазанға тоғытатын. Құ­нар­лы тамақ. Кешке дейін қой қуған баланың күндік асы. Қазіргі зауыттың наны секілді емес, үгітілмейді. Оттың жалынына піскен қара нан қадірлі де тойымды. Сағынасың...