20 Қыркүйек, 2013

«Aktau Open Fest»фестивалі көше ойындарының шеберлерін анықтады

416 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тамыз айының соңғы онкүндігінен бастап Маңғыстау облысының – 40, Ақтау қаласының 50 жылдық мерейтойын әртүрлі той-думан, салтанатты шаралармен әдіптеген Ақтауда тағы бір жұлдызды шара өтті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім ақын кестелегендей, аталған шара бұрын-соңды шаралармен салыстырғанда, расында өзгерек болды.

Тамыз айының соңғы онкүндігінен бастап Маңғыстау облысының – 40, Ақтау қаласының 50 жылдық мерейтойын әртүрлі той-думан, салтанатты шаралармен әдіптеген Ақтауда тағы бір жұлдызды шара өтті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім ақын кестелегендей, аталған шара бұрын-соңды шаралармен салыстырғанда, расында өзгерек болды.

Спорт – адамзаттың денсаулығы мен өмірі үшін маңызға ие, бірақ оны тек спорт залдарда ойналатын белгілі бір түрлер аясында ғана танып келдік. Арнайы құрал-жабдықтармен жасанған кең залда жаттықтырушылардың төккен тер, берген кеңестері арқылы ғана ілуде бір жанға жалын ұстататын асау өнер ретінде қабылдадық. Ал ақша төлеп арнайы секцияларға қатысуды, спорт залдарына баруды кез келген жанның қалтасы көтере бермейтіні бар. Бірақ, соңғы кездері тас төбесінен шаншыла шыр айналып, бір қолымен жер тіреп, бүкіл денесін көтере лақтырып, асқан жылдамдықпен түсініп үлгермей қалатын қимылдар жасайтын жасөспірімдер көбейді. Сөйтсек, бұл халық арасында жай ғана «көше спорты» деп аталады екен. Жалғыз бұл емес, барша тұрғындардың қатысуына, айналысуына қолжетімді спорт түрлері мол екен. Ақтаудың мерейтойына арнап қаланың қақ ортасындағы Астана алаңында өткен «Aktau Open Fest» музыка және спорт фестивалінің басты ерекшелігі – осы, яғни баршаның айналыс­уына қолайлы спорт түрлерін ортаға салды. Маңғыстау облысы және Ақтау қаласы әкімдіктерінің, Маңғыстау облыстық баскет­бол федерациясының ұйым­дастыруымен екі күнге созылған фестивальді қаланың көптеген тұрғындары мен қонақтары қызыға тамашалады. Астана алаңын бірнеше алаңқайға бөліп алып, бір мезетте бірнеше спорт түрлерінен өзара сайысқа түскен атан жілік, апайтөс жігіттер көрермендерді таң-тамаша қалдырды. Екі күн бойы алаңнан табылған тұрғындар сенбі-жексенбілік демалыстарын көңілді өткізгендігі анық. Әсіресе, жастардың қызығушылығы басым түсіп жатты.

Алғашқы күні құрамында BigSom, Stels Travoltah, Skif, BroMetis, Aidar BMM, Morisson бар қазақстандық және ресейлік рэп-орындаушылардың концерті өтіп, шараның хедлайнері ретінде ресейлік хип-хоп әншісі L´one өнер көрсетті. Қазақстанда воркауттан әуесқойлар қозғалысының негізін салушы ретінде белгілі астаналық «Bar Bars» тобы өз қойылымын ұсынды.

Қазақстанның Астана, Алматы, Қостанай, Шымкент, Атырау, Рудный, Ақтау және Жаңаөзен қалаларынан 10-нан астам команда қатысқан фестивальде «3х3», яғни «көше баскетболынан», брейк-данс, паркур, стритбол, воркаут секілді спорттық ойын түрлерінен сайыстар өтті. Әсіресе, фестиваль аясында «көше баскетболы» бо­­йынша өткен сайыс – тұңғыш республикалық чемпионат болуымен маңызды.

Ұйымдастырушылардың бірі – Маңғыстау облыстық баскетбол федерациясының директоры Самсон Аракельянның айтуынша, келешекте олимпиадалық ойындар бағдарламасына енгі­зу жоспарланған аталмыш ойын­ның алғашқы чемпионаты Ақ­тау қаласында өтуі – қаланы бұл тұрғыдағы тұңғыш бастама көтеруші ретінде танытады екен.

Білеуленген бұлшық еттері бұлтылдай ойнап, сымдай тар­тылған тіп-тік денесімен белтемірді сығымдай ұстап, ұршықша үйі­рілген жігітпен қабаттаса, бірақ белтемірден ұстамай, тек әлгі серіктесінің қолы мен шынтағынан ғана ұстап, тірей тартылған жігіт­тің шеберлігі мен ширақтығы жастардың «есін алды». Бұл «воркаут» деген ойын түрі екен. Сондай-ақ, салмағы ауыр нәрселерді қос-қостан тасып, межеленген жерге жеткізу де жігіттің жігіті шыдар сын. Алаңдағы қызғылықты спорт түрлерінен сайыстармен бірге графити мен брейк-данстан, баскетболдан АҚШ, Ресей елдерінен келген шетелдік шеберлердің қатысуымен шеберлік-сыныптары өткізілді.

Екінші күні де жалғасын тапқан аламан ойындарда жеңімпазды анықтау оңай болмаған секілді. Бірақ, жарыс болған соң жеңімпаз болатыны белгілі, қиын да болса біраз талқылау, салыстырулар нәтижесінде «жүзден озған жүйріктер» анықталып, марапатталды. Паркур бойынша осы ойынның Ақтау қаласындағы бірден-бір негізін салушы болып табылатын Сергей Чикчирный жеңімпаз атанып, тағ айындалған жүлде – планшетке ие болды. Ал белтемірмен алуан қимыл-шынығу түрлерін көрсететін воркаут сайысы «қиын элементтер», «алдыңғы салмақ», «жалауша», «екі қолмен шығу» номинациялары бойынша өтіп, Ильдар Ягьяев, Сергей Гавриш, Магамед Плиев, Азамат Кумаров сынды мықтыларды анықтап берді. Бұлардың арасында сайыс түрлерінен қос-қостан жеңіс тұғырына көтерілген жігіттер де бар.

Фестивальде Қазақстан Рес­публикасының тұңғыш чемпионаты өткізілгендіктен, айрықша мән берілген 3х3 – «көше баскетболы» сайысы болды. Өйткені, одан қара үзіп шыққан жүлдегерге халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау міндеті жүктелмек. Салмақты сарап, қырағы қадағалау нәтижесінде 2-3-ші орындарды алматылық қос команда «Ураган» мен «Ритм» иемденсе, жеңіс елордалық «Астана» командасына бұйырды. Чемпионатта үздік ойын көрсеткен бұл команда ке­лесі жылы Азия чемпионатында Қазақстанның абыройын арқалап шығатын болады.

Көрікті отшашулары көкке шашылып, арасында италиялық Son Pascal бар белгілі хип-хоп әншілер, өзге де танымал өнер жұлдыздары концерт берген фес­тиваль көтеріңкі көңіл-күймен қорытылды.

Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев мерейлі мереке құшағындағы Маңғыстау жастарын көше ойындарының әсеріне бөлеп, жақсы көңілмен баурағаны үшін және жастардың саламатты өмір салтының мәнін одан әрі тереңдей ұғынуы, олардың қызығушылығын тудыру жолындағы белсенді бастамалары үшін ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы бас­кетбол федерациясының прези­денті Абай Алпамысов пен Маң­ғыстау облыстық баскетбол феде­рациясының директоры, музыкант, репер Самсон Аракельянды қабылдап, фестивальдің жастар­ды маңына топтастырып, үлкен қызығушылықпен өтуімен құт­тықтады.

Баршаның көзі үйренген, санаға сіңген спорт ойындарынан мүлдем басқа, аталуы да оғаш естілетін осы бір ойын түрлерін әркімнің, әсіресе ересектердің қабылдауы әрқалай. Бірақ, болмысы бұрынғы мұз айдынында сырғанайтын коньки іспетті, табанында дөңгелектері бар «бәтеңке-конькиді» киіп алып, көк асфальт үстінде жүйткіп жүрген немерелерін көріп-ақ жүр. Екі шетінде дөңгелегі бар тақтаймен көз алдынан зуылдай өтетіндер де таңсық емес. Бұл соңғы ойындардың жекелеген түрлері ғана. Бұл жай ғана ойын немесе әуестік емес, спорт. Жастардың шынығу, денсаулығы мен мәдениеттілігі осы өз бетінше шұғылдануда жатса керек. Ақтауда өткен «Aktau Open Fest» фестивалі – осы ойындарды топтастырып, ең мықтыларды анықтауға және оған тұрғындардың ынтасын оятуға күш салды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

АҚТАУ.

Соңғы жаңалықтар

Қала көркіне айналмақ эко-парк

Экология • Бүгін, 13:23