Аймақтар • 04 Мамыр, 2020

Түркістан: Мақтаарал ауданындағы су басқан ауылдардан 31 606 адам көшірілген

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан Мақтаарал ауданының су басқан елді мекендерінен 2 мамырдан бастап 31606 адам эвакуацияланған. Бүгінгі, яғни 4 мамыр күнгі ресми ақпарат бойынша Жаңа-Тұрмыс (46 үй), Жеңіс (130 үй), Фирдоуси (250 үй), Өргебас (194 үй), Достық  (11 үй) елді мекендерінен жалпы саны  631 үй су астында қалды.

Түркістан: Мақтаарал ауданындағы су басқан ауылдардан 31 606 адам көшірілген

Төтенше жағдай жөніндегі кезекті штаб отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халыққа жан-жақты көмек беріп, тұрғындарға үлкен қолдау көрсету керектігін атап өтті. Тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, ең алдымен эвакуациялық пункттерге орналасқан халыққа әлеуметтік көмек көрсету және өтемақы төлеу үшін олардың мал саны, жылжымайтын мүлік, жеке бас құжаттарының мәліметтерін жинақтауды тапсырды. Екіншіден, апаттан зардап шеккен тұрғындарды азық-түлік, қажетті заттармен қамтамасыз етуге кәсіпкерлер мен қоғамдық қорларды тартуды ұсынды. Тұрғын үйлерге келтірілген залалдың мөлшерін есептеуді жүктеді. Кәсіпкерлік нысандарға келген залал мөлшерін анықтау міндеттелді. Бесіншіден, зақым келген автомобиль жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым объектілеріне келтірілген зиянның мөлшерін есептеуді қолға алу қажет. «Алтыншыдан, ауыл шаруашылығы алқаптары мен үй жануарларына келтірілген зиянның мөлшерін есептеп, жетінші тапсырма ретінде қауіп төніп тұрған елді мекендерді тасқын судан қорғау мақсатында бөгет жасау жұмыстарын жүргізу қажет», деді Өмірзақ Естайұлы.

1

Айта кетелік, апаттан құтқару жұмыстарына жалпы саны 986 адам, 4 қайық, 180 дана техника тартылған. Полиция тарапынан Жаңа-Тұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Нұрлыжол, Иіржар, Т. Жайлыбаев ауылдарында 7 блок-бекет құрылды. Сондай-ақ 3115 ірі қара мал, 1101 ұсақ мал, 585 жылқы, 34 түйе Келес ауданы, Қызыләскер ауылына жеткізілген. Бұдан бөлек, 1797 ірі қара, 6029 ұсақ мал, 689 жылқы, 381 түйе, 165 шошқа Мақтарал ауданындағы қауіпсіз жерге шығарылған. Облыстағы аудан, қалалар тұрғындары Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен ағайынға көмек қолын созуда.

 

 

Түркістан облысы