Аймақтар • 04 Мамыр, 2020

Коммуналдық қызметтер үшін төлем жасау тәртібі түсіндірілді

1225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов карантин енгізілген қалаларда коммуналдық қызметтерді өтеу мәселесі бойынша айтып берді.

Коммуналдық қызметтер үшін төлем жасау тәртібі түсіндірілді

Мемлекет басшысының төтенше жағдайға байланысты карантин енгізілген қалалардың тұрғындары үшін коммуналдық төлемдерді төмендету мәселесі бойынша кешенді шешім әзірлеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын негізге ала отырып және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде мынадай санаттар белгіленді:

1) 1, 2, 3 топ мүгедектері;

2) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

3) көпбалалы отбасылар;

4) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар;

5) мемлекеттік және қоғамдық міндеттерін,  әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары;

6) ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер;

7) атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер.

15 мың теңге сомасына шығындарды өтеу жоғарыда көрсетілген санаттағы азаматтардың әкімдікке жүгінулері негізінде ғана жүргізіледі.

Әлеуметтік көмек алушыға Ақпараттық жүйелер немесе call-орталық арқылы әкімдікке өзінің ЖСН, әлеуметтік мәртебесі мен жеке шотының нөмірін ұсына отырып өтінім беру жеткілікті.

Call-орталық арқылы ауызша өтініш беру жеткілікті. Сонымен қатар, қосымша өзге құжаттарды ұсыну талап етілмейтінін айта кету керек.

Бұдан әрі, әкімдік ұсынылған деректерді тексеріп, дұрыс болған жағдайда азаматтың жеке (абоненттік) шотына қаражат аударады.

Көмек Қағидада көрсетілген санаттарға жататын, коммуналдық қызмет көрсетушілермен өз атынан келісім-шарт жасаған және карантин енгізілген елді мекенде тұратын адамдардың барлығына көрсетіледі.

Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасылар, мемлекеттік және қоғамдық қызметін, әскери борышын өтеп жүрген кезде қаза тапқан адамдардың отбасы мүшелерінің бірінің қызмет көрсетушілермен шарты болуы тиіс.