Аймақтар • 04 Мамыр, 2020

Оңтүстік өңірдегі бірқатар әскери нысандар тексерілді

192 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарулы Күштердің алдында коронавирустық инфекциямен күрестен басқа көптеген басқа да кезек күттірмейтін міндеттер тұр. Атап айтқанда, бұл жауынгерлік дайындық пен қорғаныс қабілеттілігінің қажетті деңгейін ұстап тұру, Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жалғастыру.

Оңтүстік өңірдегі бірқатар әскери нысандар тексерілді

Бүгінгі таңда құрама жасақпен Арыс қаласында ауданы 100 мың шаршы метрден астам жер зерттелді. Қоймалардың маңындағы оқ-дәрі фрагменттерін іздеуді инженерлік барлаудың іздеу топтары жүзеге асырады. Табылған фрагменттердің басым бөлігі қауіпті емес. Металл сынықтарын тазалау, сұрыптау және арнайы жабдықталған алаңға шығару жүргізілуде. Ұнтақтау топтары техникалық аумақта тазартуды жүргізеді.

Жергілікті тұрғындардың өтініштерін қабылдау үшін мобильдік топ кезекшілік етеді. Бұдан басқа, техникалық аумақта инженерлік оқ-дәрілерді түгендеу және ашық алаңда сұрыптау жалғасуда. Арыста барлық әскери инженерлер мен саперлер, басқа да әскери мамандықтардың өкілдері болды. Бір жыл ішінде жарылыс қаупі бар заттармен жұмыс істеу бойынша білікті кадрлар оқытылып, даярланды. Инженерлік-саперлік бөлімшелердің әскери қызметшілері жарылыс қаупі бар металл сынықтарын және жарылмаған пиропатрондар мен капсюльдерді өңдеу бойынша жеке тәсіл әзірлеп, қолдана бастады.

Арыс қаласындағы жиынтық отрядтың жұмысына Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев кезекті тексеріс жүргізді. Ротация жоспары бойынша келген жеке құраммен кездесу кезінде ол қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, Шымкент маңындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімін және елдің әуе шептеріне елдің қауіпсіздігін қорғау жөніндегі міндеттерді орындайтын бөлімшелердің қызметін тексерді.

Алматыда Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы әскери қызметшілердің төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге қатысуы туралы баяндады. Алматы гарнизонының әскери қызметшілері коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі барлық іс-шараларға белсенді қатысуда. Күн сайын олар ондаған нысандарды және оған іргелес аумақтарды өңдейді, оның ішінде темір жол вокзалына дезинфекция жүргізеді. Қалаға кіре берістерде қойылған блокбекеттерде тәулік бойы кезекшілік атқарып, патрульдеуге қатысады.

Министр Алматыдан 30 шақырым жерде орналасқан медициналық кешенге барды. Оған 300 орынды күрделі ғимарат, 100 орынды әскери-далалық ұтқыр госпиталь және 500 орынды палаталық госпиталь кіреді. 

Айта кету керек, қазіргі таңда жеке ғимаратта, ауруханалардың бірінде медициналық қызметкерлерді орналастыру үшін жағдай жасалған. 70 дәрігер мен медбикеден тұратын бригада орналасқан. Олар үшін қажетті жағдай жасалып, үш рет тамақтану ұйымдастырылған. Далалық және палаталық госпитальдарда коронавирусы бар пациенттерді диагностикалау және емдеу үшін қажетті жабдықтар бар, объектілерге инженерлік коммуникациялар жүргізілген, объектілер тәулік бойы күзетілуде.

Кездесу барысында министр барлық әскери қызметшілерді келе жатқан Отан қорғаушылар және Жеңіс күнімен құттықтады.