Аймақтар • 04 Мамыр, 2020

Оралда халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысын қайта бастады

873 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

4 мамырдан бастап Орал қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысын қайта бастады. 4-шағын аудандағы «Ural Car City» ғимаратындағы орталық сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін қызмет көрсетпек. Бұл жерде бұған дейін электронды форматта қолжетімсіз болған, тек «қағаз» жүзінде көрсетілетін қызметтерге жүгінуге болады.

Оралда халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысын қайта бастады

Дегенмен 3 санаттағы азаматтар, яғни зейнеткерлер, көп балалы отбасылар және мүгедектер электрондық қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталығынан ала алады. Фронт-офисте олар үшін жеңілдік терезесі жұмыс істейді. Бірақ олар орталыққа баратын уақытын алдын ала брондауы керек.

Жалпы, орталықта халық тым көп шоғырланып, короновирустық инфекция тарап кетпеуі үшін азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы кезек алуы тиіс.

«Орал қаласының №1 ХҚО бөлімінде 120-дан астам қызметкер жұмысын бастады. Біздің ХҚО республика бойынша Нұр-Сұлтан, Ақтау, Қарағанды қалаларымен бірге алғашқылардың бірі болып жұмыс істей бастады. Тұрғындардан орталыққа барар кезде бетперде киюін сұраймын», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО филиал директоры Марат Бассаров.

Айта кетейік, карантин кезінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары өз қызметінің 80%-ын электронды форматта бере бастаған еді. Осы уақытта Батыс Қазақстан облысы бойынша 6 мыңнан астам дайын құжат берілген. Соның ішінде 26 наурыздан 29 сәуірге дейін 1750 куәлік, 594 төлқұжат, 258 жүргізуші куәлігі, сонымен қатар басқа да 1341 құжат түрі – Азаматтық хал актілерін тіркеу құжаттары, көліктің техникалық төлқұжаты мен тіркеу нөмірлері, жылжымайтын мүлік пен жер телімдерінің құжаттары берілген. Бұл құжаттардың басым бөлігі карантин барысында онлайн рәсімделген.

 

Батыс Қазақстан