Экономика • 05 Мамыр, 2020

Әр істің өз өлшемі бар

531 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әр мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздік жүйесіндегі күрделі мәселе. Сондықтан бұл да Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құрамдас бөлігі саналады.

Әр істің өз өлшемі бар

Әр адамға жылына орташа есеппен пайдаланатын тағамның рационалдық нормасы әр мемлекетте өзгеше, дегенмен Дүниежүзі­лік денсаулық сақтау ұйымының бекіткен мөлшері бар. Бұл азықтың он түрінен тұрады. Атап айтқанда, нан 120,5 кг, ет  70,1 кг, сүт 359,9 кг, жұмыртқа  243 дана,  картоп 96,7 кг,  көкөніс  140,3 кг , жеміс-жидек 80,3 кг, балық 8,3 кг, қант 36,5 кг , өсімдік майы 13,1  кг.  

Қазақстанның 2005 жылғы 8 шілдедегі Агроөнеркәсіптік кешенді және ауыл­дық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы заңы бойынша азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз етудің өлшемдері мен негізгі бағыттары айқындалған болатын.  Сол кезде әртүрлі әлеуметтік топтар үшін азық-түліктің төменгі мөлшері белгіленген еді. Әр адамға ет өнімдері 33,2 кг, сүт 75 кг, нан өнімдері 108 кг деп белгіленген болатын. Бірақ физиологиялық норма бекітілмеді. Әр облыста азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда есептелетін нормада бірізділік болмады. Оған бір мысал келтірейін, ертеректе Алматы облысының Қарасай ауданында осы проблеманы зерттей отырып, қауіпсіздікті сақ­тауды анықтау үшін пайдаланатын норманы сұрағанымда, қолдарында жоғарыдан түскен директиваны көрсетті. Онда ет 48 кг, сүт 360 кг сүт, жұмыртқа 139 дана, нан 117 кг, картоп 100 кг, бақша 110 кг, жеміс-жидек 32 кг делінген. Яғни ет БҰҰ белгілеген нормасының 68%, жұмыртқа 57%, көкөніс 78%, жеміс-жидек 39% құрайтын еді.  Көріп отыр­ғанымыздай, белгіленген меже төмен, ол төмен болған соң азық-түлік қауіпсіздігін орындау жеңіл. Бұл «тәжірибе» барлық облыста жылдар бойы жүргізілді. Қағаз жүзінде бәрі керемет, оған статистикалық әсерлеуді қос­қан кезде, көптеген елдің алдына шығып жүр­дік. Ал қорытындысында ауыл жүдеу болды.

Міне, осындай төменгі деңгеймен жұмыс істеп, өзімізді алдарқатуды тоқтату үшін Елба­сына азық-түлікпен ішкі нарықты қамтамасыз ету туралы хат жаздым, екі  параққа 9 пункт­тен тұратын ұсыныстарымды сыйғыздым. Таңертең жазған хатым электронды поштамен Президентке жетіп, сол күні алты министрге тапсырма берілді. Хаттың бірінші пунктінде «Еліміздегі ауыл шаруашылығының дамуын тікелей тағам өндірумен байланыстырып, оны бағалайтын өлшем мен талапты өзгерту керек. Бұл үшін адамның физиологиялық (рационалдық) нормасын (стандартын) қайта бекіту қажет» дегенмін. Яғни Еңбек министрлігі мен Статистика агенттігінің 2005 жылы бекіткен негізгі тамақ өнімдерінің минималдық нормасынан басқа құжат көзіме түспеген еді. Сол кезде берген ұсынысымның орындалуы – аграрлық сала үшін жасаған нақты еңбегімнің бірі болды.

Бірақ бекітілген тағамның физиологиялық нормасы Қазақстанның ішкі нарығын азық-түлікпен қамтамасыз етуде осы күнге дейін дұрыс пайдаланылмай жүр. Мысалы, «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және та­уар өткізу жүйесін құру» тақырыбы бойынша өткен Үкіметтің селекторлық отырысында көрсетілген 19 тағам өнімдері Қазақстанда өндірілетін барлық өнімдерге толық баға бермейді. Өйткені жеміс-жидек пен балық туралы еш дерек болмады. Нан өнімі топтамасында оның 12 түрінің тек 5 түріне, көкөніске кіретін 13 азықтың тек үшеуіне, 7 ет түрінен тек сиыр мен тауыққа, 8 сүт өнімдерінен тек жартысына ғана талдау жасалған. Яғни барлық өнімдерге толық талдау қамтылмады, соған қарамастан елдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау Үкіметтің бас­ты жұмысы екені айтылып жатты.

Осындай өз-өзімізді алдарқату соңғы уақыттарға дейін жалғасып келеді. Бұл көр­сеткіштер жай цифрлар емес, ол меже, межеге жету талпыныс береді, талпынысты орындау – қазақтың дастарқаны. 

Жалпы азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейін әр ауыл, аудан, облыс, орталықтағы тиісті министрліктер біліп отыруы тиіс. Оны есептеу қарапайым арифметика – азықтың барлық түрін бекітілген норма бойынша ауданның халық санына көбейтесіз де, әр тағам түрінен өз территорияңызда өндірілетін өнім көлемімен салыстырасыз,  заңға сәйкес оның көлемі кем дегенде 80% болуы тиіс, артығы көрші аудан, облыстарға жіберіліп, Қазақстанның қажеттілігі қамтамасыз етіледі, ал одан артылғаны шетелдерге экспортталады. Сондықтан барлық аудан мен облыста «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен тұтыну балансын» жасауды шұғыл қолға алу қажет.

 

 

Соңғы жаңалықтар