
– Пандемия кезіндегі карантин мен әртістердің үйде отыруы шығармашылық ұжым өмірін қалай өзгертті?
– Жер бетіндегі халық көптеген індетті басынан өткерді, алайда дүние жүзін жаулап алған осындай эпидемияға бірінші рет тап болып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, еліміздің басшылығы бұл вирустың таралуының алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды шұғыл қабылдады. Дүние жүзімен салыстырар болсақ, Қазақстан коронавирус инфекциясымен күресте көшбасшы орындардың бірінде. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елімізді қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшіру туралы мәлімдемесінен кейін, дереу театр әкімшілігі ұжым қызметкерлерін коронавирустан қорғау үшін барлық шараларды қабылдады. Жедел штаб құрылып, Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе театрдың тыныс-тіршілігі үшін жауапты штаб мүшелерінен бөлек барша ұжымды қашықтан жұмыс жасау тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылданды. Репертуардағы спектакльдер мен театрдың осы кезеңге әзірлеген жоспардағы премьералық қойылымдары өткізілмейтін болды. Алайда театр көрермендерін назардан тыс қалдырмай, онлайн концерттер топтамасын ұйымдастырды. Оған шығармашылық ұжым ерекше құлшыныспен атсалысуда, сонымен қатар театр репертуарындағы үздік спектакльдердің көрсетілімін жүзеге асыруда. Сондай-ақ тігін цехымыздың шеберлері үйде отырып көп рет қолдануға болатын бетперделер тігіп, сөйтіп оларды UMC корпоративтік қорының Ұлттық балаларды оңалту орталығына тапсырдық. Қиын сәтте ұжымымыздың ынтымақтастығы мен ерекше ұйымшылдығына куә болдық.
– Карантин кезінде театр өмірінде қандай қиындықтар туындады және оны қалай еңсеріп жатырсыздар?
– Иә, әлбетте, қиындықтар бар. Тамаша дайындық залдары мен шығармашылық үшін барлық жағдай жасалған осындай театрда жұмыс істейтін өнер ұжымдары кенеттен оқшауланған жабық кеңістікте қалуы – әрине оңай емес. Бұл, әсіресе, балет әртістеріне қатысты. Олар үй жағдайында мүмкіндігінше денелерін жазып, ширатып, жеңіл-желпі жаттығулар орындағанымен, биікке секіру, пуантыға тұру сынды дүниелерді жасай алмайды. Себебі оған арнайы балет линолеумы мен кең дайындық залдары қажет. Дегенмен, әртістердің барлығы сол қалыптарын сақтап, барынша ауыр дене жаттығуларын орындауға тырысуда. Ал симфониялық оркестр музыканттары немесе опера орындаушылары туралы айтатын болсақ, олардың үйде жаттығып, жаңа материалды оқып жаттауға, премьералық спектакльдерге дайындалуға, сондай-ақ театр репертуарын жетілдіруге мүмкіндіктері жеткілікті.
– Ұжымның қашықтан жұмыс істеу режімі қалай іске асырылуда?
– Театрымыздың шығармашылық ұжымы туралы айтар болсақ, әртістермен онлайн байланыста болып, оларға тапсырмалар беретін жетекшілері бар. Премьералық спектакльдердің кейінге шегерілуіне қарамастан, оларға дайындық жасауды ешкім тоқтатқан жоқ: солистер өздерінің партияларын жаттап, концертмейстерлер, дирижерлер және репетиторлармен қашықтан жұмыс істеп жатыр. Әкімшілік персоналға келсек, қызметкерлеріміз күн сайын онлайн жиналыстарда «бас қосады», жоспар құрып, жұмыс барысында туындайтын мәселелерді талқылайды. Қызметтік міндетім бойынша маңызды құжаттарға қол қою үшін менің де театрда болуым қажет, сондықтан мен және «Астана Опера» әкімшілігінің шағын бөлігі осында толық емес жұмыс күні режіміндеміз, ал жұмыстың қалған бөлігін мүмкіндігінше қашықтан жасауға тырысамыз. Әрине біз барлық санитарлық сақтық шараларды қадағалаймыз, театрға кірген кезде тепловизор бақылауынан өтеміз, өзара екі метр міндетті қашықтықты сақтаймыз, бетперделер, қолғаптар киеміз.
– Әлемнің маңдайалды театрлары үйден шықпай театрға бару мүмкіндігін қарастырып, YouTube арнасы арқылы спектакльдерді тарата бастады. Бұл мәселені «Астана Опера» театры қалай реттеді?
– «Астана Опера» театры ақпараттық серіктесі Tengrinews TV-де спектакльдердің онлайн көрсетілімін жүзеге асыруда бұрыннан тәжірибесі бар. Алайда біз үшін онлайн бағдарламалар жасау тың дүние болды, бұған техникалық жағынан мүмкіндігіміз жеткілікті. Театр сахнасында өтетін спектакльдерді әлемнің әр түпкірінен онлайн көруге болатыны белгілі. Бүгінгі таңда спектакльдерімізді нақты уақыт режімінде емес, театрымыздың опера және балеттік қойылымдарының алтын қорындағы жазбаларын көрсетеміз, өзгеріс тек осы жағынан болды. Оның үстіне асқақ өнердің жанкүйерлерін таңғалдырып отыруға тырысамыз. Бұрын трансляциясы жүргізілмеген Кеннет Макмилланның хореографиясындағы «Манон», Раймондо Ребектің хореографиясындағы «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?», «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» (композитордың 250 жылдығына арналған), Ролан Петидің хореографиясындағы «Коппелия» балеттері мен тағы басқа қойылымдарды тамашалау мүмкіндігі көпшілік қауым үшін нағыз тарту болды деп ойлаймын. «Астана Опера» театры труппасының орындауындағы бұл спектакльдер қойылым тобының авторлық құқықтарын шектеуіне байланысты көрсетілмегенін түсіндіре кетейін. Коронавирус індетіне байланысты әлемдегі қиын жағдайды ескере отырып, қойылым топтары бізге қолдау көрсетіп, осы спектакльдерді тегін көрсетуге мүмкіндік берді, бұл балет өнерінің барлық жанкүйерлері үшін зор қуаныш болды! Осы арқылы біз әлемдегі барлық шығармашылық ортаның дағдарысты еңсеру жолындағы ынтымақтастығын көреміз.
– Пандемия кесірінен театрдағы премьералар мен фестивальдер кестесі қалай өзгерді?
– Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен негізі қаланған «Астана Опера» театрының әлемдік мәдени кеңістікте өз орны бар. Көптеген премьералық қойылымды еліміздің атақты және шетелдік әйгілі мәдениет пен өнер шеберлерімен бірлесіп жүзеге асырамыз. Қазір әлемнің басқа елдеріндегі әріптестерімізбен шығармашылық үрдісіміз шектелген, әртістер тек қана онлайн кеңес алады. Алайда өздеріңіз білетіндей, театр – жанды дүние, бірлескен сахналық дайындықтарды қажет етеді. Сондай-ақ карантин кезінде жабық шекаралардың кесірінен премьераларды қандай да бір нақты күндерге ауыстыру туралы айту қиын, себебі бәріміз сыртқы жағдайларға тәуелдіміз. «Махаббат сусыны» мен «Алпамыс» опералық қойылымдарының, сондай-ақ «Дала – ғұмыр» балетінің премьерасын жоспарлаған болатынбыз. Театр осы қойылымдарға онлайн режімде дайындық жүргізіп жатыр, бірақ нақты ауыстырылған күндерін айтуға әлі ертерек.
– Осы бір қиын сәттердің тезірек артта қалып, театрмен қайта қауышуды аңсап отырған тілекші көрерменнің қарасы көп. Алда театр өз көрерменін қандай қойылыммен қуантпақ?
– Біз әлемнің көптеген елінде ұлттық өнерімізді таныту жолында жаңаша жоспарымызбен дайындалып жатқанбыз. Өкінішке қарай, карантин өз дегенін жасады. Дегенмен, жақын арада шекаралар ашылып, ұшақтар көкке самғап, пойыздар жүре бастайтынына, театрлардың, концерт залдарының есіктері айқара ашылатынына кәміл сенемін. Театрдың шығармашылық әзірлігі мен тыңғылықты дайындығы бүгінгі күн тынысы болса, күні ертең ол тарихқа айналады. Сөйтіп көрерменнің ыстық ықыласына қайта бөленіп, әріптестерімізбен, тыңдармандарымызбен қайта қауышатынымызға сенімім мол. Биік көркем өнер жолында аянбай жұмыс істеу жалғаса береді. Біз бәрін еңсереміз, себебі біз біргеміз!
Әңгімелескен
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»