Қоғам • 05 Мамыр, 2020

Даукестік дауа таптырмас

468 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дауасыз дерттің дүрбелеңі басылмай тұрған қазіргі уақытта жұрттың дау-да­май­ға бой алдырмай, барынша ымырашыл болғаны маңызды. Десе де былайғы күн­де бір-біріне дес бермей, басынан дауы арыл­май жүргендердің қарасы қысылтаяң шақ­та да сейілер емес. Ондайларға орайы ке­ліп, соттың онлайнға көшкені оңды болды.

Даукестік дауа таптырмас

«Байтал түгіл бас қайғы» болып тұрған тар кездің өзінде келіспеушілік пен кикілжіңді кейінге қалдырғанға көндікпей, сотқа жүгіне­тін­дер жетерлік. Індетке байланысты карантин шаралары қатаңдатылған алғашқы аптада күніне мыңға жуық сот процесі қашықтан өтсе, сәуір айының басында бұл көрсеткіш екі есе өскен. Бүгінгі таңда соттар күн сайын 4,5 мыңға жуық істі онлайн режімде қарап жатыр.

Бұдан төтенше жағдай сот ісін цифрландыруды едәуір жеделдетіп жібергенін байқауға болады. Биыл карантинге дейін күніне 150 онлайн сот отырысы өтсе, былтыр – 110, ал алдыңғы жылы бар болғаны 40 процесс бейнебайланыс арқылы жүргізіліпті. Ал дәл қазір сот процесі 100% онлайнға көшіп, сәйкесінше құжат айналымы да толықтай электронды форматқа ауысты. Бұл, әрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында сот шешімдерінің сапасын арттыруға байланысты тапсырмасын іске асыруды ілгерілетеді. Осы мақсатта қазір Парламентте сот жүйесін жаңғыртуға, артық сот ресімдерін қысқартуға, озық электронды сервистерді енгізуге бағытталған заң жобасы қаралып жатыр.

Жалпы, қандай жағдай болсын, азаматтардың құқығын қорғаудан тиісті органдар қашанда қалыс қалмайды. Қазір көп түйткілдің түйінін қашықтан тарқатуға тырысып жатқан соттардың кейінге қалдырған істері де шамалы. Бүгінде тоқтатылған азаматтық істердің үлесі 13%-дан аспайды, ал қылмыстық істердің үлесі – 14%.

Дегенмен, ел басына күн туған сын сағатта алауыздыққа жол бермей, ауызбірлігімізді сақтауға тырысқан жөн. Отбасы, ошақ қасындағы ұрыс-керісті ушықтырмай, ағайын арасындағы араздықты қоздырмай, татуласу арқылы кез келген мәселенің шешімін табу қоғамды ізгілікке бастайды. Осы ойды Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов татуластыру рәсімдеріне қатысты үндеуінде кеңінен тарқатады. Ол «жау мен дау – егіз» деген бұрынғының сөзін мысалға келтіріп, дауласу кез келген, тіпті дамыған елдерге де тән құбылыс екенін айтады.

«Бізде кез келген дауды сот шешеді деген көзқарас қалыптасқан. Дегенмен, мынаны білген жөн. Біріншіден, істі қарау ұзаққа созылуы мүмкін. Ол аяқталғанша, бір емес, біраз сот отырысы өтеді. Аппеляция, тіпті кассация шешімі де көңілден шықпауы мүмкін. Екіншіден, бұл – үлкен шығын. Мемлекеттік баж төлейсіз, сот шығынын өтейсіз, заңгер жалдайсыз. Жолға, қонақүйге шашыласыз. Үшіншіден, ашуға ерік беріп, жүйкеңіз жұқарады. Неге десеңіз, сот – дау алаңы. Онда айтысып, тартысуға мәжбүрсіз. Отбасы, достар, жұмыс, бизнес – бәрі шетте қалады. Бұл – бер жағы. Кейде тараптар ашуға беріліп, бір-біріне ауыр сөздер де айтып жатады. Егер дауласушылар бір әулеттен болса, онда сол шаңырақтан береке қашады. Ал дос, қызметтес болса, арадағы сыйластық бұзылады», дейді Жақып Асанов.

Оның айтуынша, елімізде дау-дамай саны жылдан-жылға артып келеді. 2014 жылы соттарда 1,6 млн іс қаралса, бұл 2019 жылы екі есе көбейіп, 3,3 млн-ға жеткен. Әр судья бір мезетте 100-ден аса азаматтық іс пен материал қарайды екен.

«Істерге көмілген судьядан қандай сапа, қандай нәтиже күтуге болады? Оның үстіне ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар да бар. Мысалы, ағайын арасындағы дауды сот таразысына салу қаншалықты дұрыс? Бабаларымыз «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген. Бұл – қанымызда бар қасиет. Қазақ даласында дау бейбіт жолмен шешіліп отырған. Дамыған елдерде даулардың 70-90%-ы сотсыз, бітіммен аяқталады. Ең дұрысы – татуласу, келісу, бір мәмілеге келу. Бұл – мемлекет өркендеуінің алғышарты. Менің үндеуімнің негізгі себебі де – осында», дейді Жоғарғы Сот Төрағасы.

Дауды сотқа жеткізбей шешу – бейбітсүйгіш халықтың бір сипаты. Қандай жанжалға болсын жол бермеу үшін елімізде жан-жақты жағдай жасалып жатыр. Осы мақсатта өңірлерде Татуласу орталықтары ашылды. Онда медиаторлар, психологтар, басқа да мамандар жұмыс істеуде. Бұған қоса сотқа Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы де қолғабыс етіп жатыр. Орталықтың міндеті – екі жаққа да қолайлы шешім ұсыну. Бұл – тараптар арасындағы дауды тарқатып қана қоймай, қоғамдық келісімнің сақталуына да септігін тигізеді.

Қазір індет өршіп, көпшіліктен оқшауланып отырған шақта болмашыдан от шығарып, опынып қалмас үшін барынша татуласуға тырысу қажет-ақ. Сөзге тоқтау қашаннан біздің қоғамның басты құндылығы болып келеді. Ырыстың шашылмауы ымырашылдықтан екені қаперден шықпаса екен.