Елді білімді азаматтар өрге сүйрейді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенаты депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде алдымен бүкіл әлемді алаңдатқан індет кезінде ел азаматтарының қауіпсіздігі үшін қолға алынған іс-шараларға тоқталып, пандемияның салдарынан туындаған дағдарысқа қарсы жұмыстарды пысықтады.
– Бүкіл еліміз осы індетке қарсы күресу үшін жұдырықтай жұмыла білді. Әсіресе, дәрігерлер, әскери қызметшілер, полицейлер, волонтерлер күн-түн демей жұмыс істеуде. Олардың бәрі Отанға адал қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Сын сағаты қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Халықтың жігерін қайрап, төзімін шыңдауға мұның да әсері болды. Біз дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында індеттің жаппай таралуына тосқауыл қойдық. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, халықаралық сарапшылар жоғары бағалады. Пандемия ел экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Осыған орай, Үкімет азаматтарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуде. Бюджеттен қомақты қаражат бөлінді.
Табысынан айырылған адамдар қаржылай көмек алып жатыр. Мұның бәрі халықтың тұрмыс жағдайын төмендетпеу үшін жасалуда. Қабылданған шаралар өз нәтижесін бере бастағанын көріп отырмыз. Жағдай күрделеніп кетпесе, төтенше жағдай режімі 11 мамырда аяқталады. Бірақ карантин режіміне байланысты іс-шаралар жалғаса береді. Бұл ел тұрғындарының қауіпсіздігі үшін аса қажет. Азаматтарымыз бірте-бірте қалыпты өмірге қайта оралады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөзін осылай сабақтай келе Мемлекет басшысы ұзақ мерзімді стратегиялық даму жолымыз бар екенін, қандай қиындық болса да, Елбасымыздың стратегиясын жүзеге асыратынымызды мәлімдеді.
– Бұл – саяси сабақтастықты сақтау деген сөз. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – мемлекетіміздің негізін қалаушы, әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға. Мұны ешқашан ұмытпауымыз қажет. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа түсіндіргеніміз жөн. Біз дағдарыстан кейінгі кезеңге қазірден бастап дайындалуымыз керек. Қандай күрделі және қауіпті болса да, дағдарыс – өтпелі нәрсе. Ол жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан Елбасы 24 сәуірде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында келешектегі экономикалық стратегиямыз жөнінде айтып, айқын бағдар көрсетті. Мен 27 сәуірде арнайы мәлімдеме жасадым. Үкімет пен әкімдердің алдына нақты міндеттер қойдым. Осыған орай кешенді іс-қимыл бағдарламасы бар деп күмәнсіз айтуға болады. Оны ешқандай қосымша мәлімдемелермен толықтырмай жүзеге асырған жөн. Қазір Үкімет пен Ұлттық банк Экономикалық дамуды қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізуде. 11 мамырға дейін арнайы жоспар дайындалмақшы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы пандемияның ел экономикасына кері әсерін тигізіп отырғанына назар аударып, экономикада түбегейлі реформа жүргізу керек екенін алға тартты. Бұл ретте ең алдымен, экономикалық өсімді қалпына келтіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесіне басымдық берілді.
– Біз осы пандемиядан сабақ алуымыз керек. Кейбір салаларда кемшін тұстарымыз бар. Мұны індеттен туындаған ахуал анық аңғартты. Сондықтан алда тұрған бірқатар міндетке назар аударғым келеді. Бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесіне баса мән берген жөн. Бұл саланы жаңғырту үшін тың бастамаларды қолға алуымыз қажет. Заман талабына сай ауруханалар салып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету аса маңызды. Бұдан былай медицина ғылымын дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Осы салада еңбек етіп жүрген ғалымдарымыздың әлеуеті зор. Мамандарға лайықты жағдай жасап, нақты қолдау көрсеткен абзал. Сонымен қатар білім және ғылым саласын толығымен жаңғыртатын боламыз. Осы ретте озық технологиялар мен цифрландыруды кеңінен қолдануымыз керек. Бұл – басты міндеттердің бірі. Біз бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін адам капиталын дамытуымыз керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Өйткені Қазақстанның болашағы білімді әрі білікті азаматтардың қолында, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезеңінде мемлекет мұқтаж жандарды ерекше қамқорлыққа алғанын, мұндай іс-шаралар, тіпті, дамыған мемлекеттерде де болмағанын атап өтті. Сондай-ақ ол тағы бір маңызды мақсат ретінде шағын және орта бизнесті өркендетуге мән беріп, бұған мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсету керек екенін айтты.
– Ұлттық экономиканы әртараптандыру – кезек күттірмейтін міндет. Шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін отандық өндірістің жұмысын жандандыру қажет. Бұл – оңай мәселе емес. Дегенмен оны басты назарда ұстаймыз. Біз қолға алған саяси реформаларды жалғастыра береміз. Онсыз мемлекетіміз дамымайды. Осы ретте мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру аса маңызды. Бізге басшылардың жаңа буынын тәрбиелеу керек. Елдің мүддесін ойлайтын мамандар болмаса, бастамаларымыз нәтижесін бермейді. Осы тұрғыда мен ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызы зор деп ойлаймын. Жалпы, біз Елбасы мақұлдаған Ұлт жоспарын міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Бұл – бүгінгі заманның талабы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы қоғамдағы өзекті мәселелердің оң шешілуіне қашанда белсене араласатын Парламенттің, соның ішінде Сенаттың рөліне арнайы тоқталды.
– Бүкіл еліміздің алдында тұрған осындай міндеттерді орындау үшін ең алдымен билік тармақтары арасындағы үйлесім қажет. Маңызды реформаларды жүзеге асыруда Парламенттің, әсіресе, Сенаттың рөлі де, құзыреті де ерекше. Сенаттың ең басты міндеті – сапалы заңдарды қабылдау. Мұндай заңдар реформаларға жол ашады, тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз етеді. Сенат депутаттары заң жобаларын талқылау кезінде немесе басқа форматтағы басқосулар барысында қоғамымыздағы ең өзекті, елді алаңдататын мәселелер жөнінде өткір ойлар, сыни пікірлер айтуға құқылы. Бұл мәселе бойынша дау жоқ. Бұл ретте сіздердің жұмыстарыңыз өте жауапты екенін жақсы білемін, – деді Президент.
Ұсынылған кандидатураны қолдады
Мемлекет басшысы Парламент Сенатының жұмысына көзқарасы жақсы екенін аңғартып, Дариға Назарбаеваның Сенат Төрағасы лауазымында атқарған қызметін жоғары бағалады.
– Өздеріңізге мәлім, менің Жарлығыммен Сенат депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылды. Ол Сенат Төрағасы ретінде бір жылдан астам белсенді әрі жемісті жұмыс істеді. Сол үшін Дариға Нұрсұлтанқызына ризашылығымды білдірдім, – деді Президент.
Бүгінгідей күрделі кезеңнен елімізді аман-есен алып шығу үшін Сенат депутаттарын жұмыла жұмыс істеуге шақырған Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының Төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды.
– Менің Жарлығыммен Мәулен Әшімбаев Сенат депутаты болып тағайындалды. Конституцияның 58-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент Сенатының Төрағасы лауазымына Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын. Ол мемлекет қызметінің қыр-сырын жетік меңгерген, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді жұмыс атқарды. Парламент жұмысын жақсы біледі. Әрдайым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан бұл қызметті абыроймен атқаратынына күмәнім жоқ. Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын Сенат Төрағалығына лайықты деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Сенат депутаттарының жұмысына жеміс тілей отырып, әрдайым бағыт-бағдарымыздан жаңылмай, алға батыл қадам жасауға шақырды, бірлігіміз бекем болса, кез келген қиындықты еңсеретінімізді баса айтты.
Президенттің ұсынысы бойынша сенаторлар жасырын дауыс беру арқылы Мәулен Әшімбаевты Парламент Сенатының Төрағасы етіп бірауыздан сайлады. Дауыс беру қорытындысын Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров жариялады.
Өз кезегінде жаңа лауазымға сайланған Мәулен Әшімбаев Президентке және сенаторларға жоғары сенім білдіргені үшін ризашылығын білдірді.
– Президентіміз еліміздің алдында тұрған мақсаттарға жан-жақты тоқталып кетті. Қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселе, ол әрине, пандемиямен – бүкіл әлемге тараған осы індетпен күресті жалғастыру. Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті төтенше жағдай режімі аяқталғаннан кейін Елбасымыздың саясатының сабақтастығын сақтап, мемлекетімізді, экономиканы одан әрі дамытуға, еліміздің әл-ауқатын арттыруға бағытталған Президентіміздің стратегиясын іске асыру – барлық мемлекеттік органның алдында тұрған ең негізгі мақсат. Қазақстан Парламенті Сенаты Мемлекет басшысының саясатын заңнамалық тұрғыда сапалы қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараны жүзеге асыруға күш салады, – деді Мәулен Әшімбаев.