Су спортынан өте көп жүлде жиынтығы сарапқа салынатынын жанкүйерлер жақсы біледі. Мәселен, былтыр Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында жүзу, суға секіру, синхронды жүзу, хай-дайвинг, ашық бассейнде жүзу және ватерполдан өткен сайыстарда барлығы 230 медаль таратылды.
Айтулы бәсекеде айды аспанға шығарған Қытай құрамасы жалпы командалық есепте көш бастады. Аспанасты елінің өкілдері 16 алтын, 11 күміс және 3 қола медальді олжалады. Екінші және үшінші орынды АҚШ (15+11+10) пен Ресей (12+11+7) иеленді. Сондай-ақ, Аустралия (7+9+7), Мажарстан (5+0+0), Италия (4+6+5), Ұлыбритания (4+2+6), Германия (3+2+3), Бразилия (2+3+2) және Канада (2+2+7) сынды елдер үздік ондықтың қатарынан көрінді. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасына бұл біріншілікте бірде-бір жүлде бұйырмады.