Аймақтар • 05 Мамыр, 2020

Бахрейн инвесторлары Нұр-Сұлтанда мектеп салып жатыр

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда әкімі Алтай Көлгінов екі жекеменшік мектептің құрылысымен танысты. Инвестициялық кеңесте әкімдік білім беру саласындағы 20-дан астам жобаны қолдады. Аталған мекемелерді іске асыру шамамен 25 мың оқушы орнын және 4,5 мың мектепке дейінгі оқу орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Бахрейн инвесторлары Нұр-Сұлтанда мектеп салып жатыр

Бахрейн елордада мектеп салуға 3,3 миллиард теңге инвестиция құйды. Бұл оқу орны қазіргі уақытта 3,5 мың оқушысы бар № 72 мектептегі шамадан тыс жүктеме мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Оқу орны ақысыз негізде қаланың коммуналдық меншігіне беріледі. Мектепте оқу тегін болады. Құрылыс 2021 жылы аяқталады. Елордада араб мемлекеттерінің қаржыландыруымен салынған мемлекеттік мектептер бар. Бүгінде қалада БАӘ және Катар мемлекеттерінің мектептері (№85 мектеп-лицейі 2018 оқу жылынан бастап және 2017 оқу жылынан бастап №84 мектеп-лицейі) табысты жұмыс істеп жатыр.

Биыл 12 мектеп салынса, 2021 жылы тағы 12 мемлекеттік мектеп салынады. Бірінші кезекте мектептер сұраныс бар жерлерге салынады. Осылайша үш ауысымды және мектептерге артылған шамадан тыс жүктеме мәселесі шешіледі.

Қала әкімі Алтай Көлгінов «қарапайым заттар экономикасын» қолдап, дамыту қажет екендігін айтты. «Мектептерді сапалы салып, құрылыс барысында санитарлық нормаларды сақтау қажет,-деді. Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 60 мың орындық 50 мектеп (оның ішінде 10-ы мектептердің аумағында) салу жоспарланған. Бұл екі ауысымда 120 мыңға жуық оқушы орнын құруға мүмкіндік береді.