Төтенше жағдайда өткен алғашқы ANTIKOR айтысқа еліміздің әр өңірінен 16 жас ақын қатысты. Жыр аламаны үш аптадан аса онлайн режимде өтті. Сөз сайысының жеңімпаздарын көрермендер анықтады.
Қазылар алқасына Мырзатай Жолдасбеков төрағалық етті. «Мен өмірімде түрме түзеткен адамды естіген емеспін, бірақ адамды сөз бен тәрбие, өсиет түзейді» деп сөз сөйлеген ол айтыстың бас жүлдесін өзі тапсырды.
Финалда елордалық Бек Шымат пен шымкенттік Бекжан Базарбек бақ сынады. Көрермендердің шешімімен Бек Шымат жеңіске жетіп, Алтын-Орда дизайн үйінің «Тәңірі» эксклюзивті этно-инсталяциясын алды. Ал бірінші орынды алған Бекжан Базарбектің жүлдесі 400 мың теңге болды.
Одан кейінгі орындар Нартай Тілеуқұл мен Нұрбол Жауынбаев айтысында анықталды. Көрермендердің дауысы беру нәтижесі бойынша екінші орынды Нұрбол Жауынбаев иеленіп, 300 мың теңге ақшалай сыйлық алды. Ал үшінші орына тұрақтаған Нартай Тілеуқұлға 200 мың теңге табысталды.
Сонымен қатар қазылар алқасының төрағасы әр қатысушыға өзінің сегіз томдық шығармалар жинағын тарту етті. «Алтын орда» дизайн үйі де қатысушыларға кәдесыйлар, #BIZBIRGEMIZ логотипі үлгісіндегі эксклюзивті жастықтарын сыйлады.